Әлеумет

Тазалыққа мән берілуде

Тазалық – қоршаған ортаға деген құрметтің көрінісі. Экологиялық мәдениет әрбір азаматтың өмір салтына айналғанда ғана табиғатпен үндестікте өмір сүру мүмкін болмақ. Қоршаған ортаның тазалығы мен көркеюі мемлекеттік бастамалармен қатар, бүкіл қоғамның белсенді атсалысуымен жүзеге асатын маңызды іс. Осы ретте Жамбыл ауданында да қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, тазалықты сақтап, табиғатты аялау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылған жұмыстар – осының айқын дәлелі.

Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Ізтілеуовтың айтуынша, өткен жылы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес елді мекендерде абаттандыру және санитарлық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Ауданда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 2025 жылдың алғашқы 3 айында 225 құқықбұзушылық тіркеліп, барлығына ескерту берілген екен. Аталған жұмыстарды үйлестіру және бақылау мақсатында барлық ауылдық округтерге жауапты штаб мүшелері бекітіліп, жоспарға сәйкес екі рет штаб отырысы өткізіліпті. Екі айлық тазалық іс-шаралары барысында жеті рет сенбілік ұйымдастырылып, шамамен 3 мыңға жуық адам атсалысқан. Сенбіліктер аясында ауыл ішіндегі көшелер мен ауыл маңдарын күл-қоқыстан тазарту, арықтарды ашу, талдарды әктеу және басқа да жұмыстар жүргізілген.

Аудан аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 2025 жылдың 12 сәуірінде облыстық маңызы бар «Тараз – Аса» автомобиль жолы бойында бөлімдер мен мекемелер өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, арықтарды күл-қоқыстан тазартып, талдарды әктеп, бағаналарды сырлап, абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырған. Нәтижесінде 522 ағаш көшеті отырғызылып, 11 шақырымнан аса арық және каналдар, 84 шақырым көше тазаланып, 11 540 шаршы метр саябақтарды абаттандыру, 82,6 тонна кездейсоқ күл-қоқыс шығару жұмыстары атқарылған екен. Осы іс-шараларға 1 296 адам қатысып, 14 техника жұмылдырылған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан 2 жүкартқыш пен 2 «КамАЗ» автокөлігі тартылыпты.

Бұл жұмыстарды іске асыру үшін әр ауылдық округ Жамбыл ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесімен 437 мың теңгеге келісімшартқа отырып, жерді айдап тегістеу, тал егу және оны суарып күтіп-баптау, қоршау жұмыстарына кірісіпті. Қазіргі таңда қоршау жұмыстарына 10 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатыр екен. Аудан аумағындағы 13 ауылдық округтің үшеуінде (Аса, Көлқайнар, Ерназар) талдар қоршау ішіне отырғызылса, қалған 10 ауылдық округте (Тоғызтарау, Өрнек, Жамбыл, Қызылқайнар, Қаракемер, Қарасу, Ақбастау, Айша бибі, Бесағаш, Гродеково) көшеттерге арналған қоршаулар орнатылған.

Теміржан Ізтілеуовтың сөзіне сүйенсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізілген кешенді экологиялық және абаттандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоршаған ортаға деген мәдениетті көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ