Пайым-парасаты бөлек пошташы
Пошташы – ауылдағы ең тынымсыз маман иесі. Ала таңнан қара кешке дейін тұрғындарға зейнетақы таратып, халыққа хат-хабар мен сәлемдеме жеткізетін «Қазпошта» акционерлік қоғамының аудандық филиалдарының жұмысы өте қауырт.
Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылдық округіндегі байланыс бөлімшесінің басшысы әрі операторы Ғалия Жұмабекованы өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып келе жатқан нағыз еңбек адамы деуге тұрарлық.
Тағдырдың салған ауыр жолынан қаймықпай өткен Ғалия Жұмабекова – төрт баланың анасы. Төрткүл дүниенің төрт бұрышын жалғап тұрғандай, жүрегінің бөлшегіне айналған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіріп отырған жалғызбасты ана. Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай мейірімінің нұрына бөлеген балаларының болашағынан тек жақсылық күтеді. Құшағында әлди әнімен әлпештеп өсірген балғындары да анасының үмітін ақтауға асық. Әр ана сияқты Ғалия апай да балаларын бар байлығы деп есептейді. Сондықтан перзенттері үшін ештеңеден аянып қалған емес.
Ғалия апайдың жұмысы тек пошта қызметімен шектелмейтіні анық. Ол әр күні халықтың жүрегіне жол табуға ұмтылады. Ауыл ішінде кім ауырып қалды, кімге көмек қажет – соның бәрін алғашқы болып білетін де осы пошташы әйел. Әр шаңырақтың табалдырығын аттаған сайын хал-жағдай сұрап, ақсақалдың ақ тілегін алып, ақ жаулықтылардың уайымын бөлісіп, қолынан келгенше көмек қолын созуға тырысады.
Ғалия апайдың есінен пандемия жылдары кетпейді. Сол кезеңді есіне жиі алады. Оған себеп те жоқ емес. Коронавирус дерті өршіп тұрған шақта жұмыстағы жауапкершілік те екі еселенген еді. Үлкенге құрмет көрсетуді өзіне міндет санайтын пошташы апай ауыл ішін аралап, сыртқа шыға алмай отырған үлкен кісілерге зейнетақысын жеткізіп беретін. Одан бөлек қажетті газеттері мен сәлемдемелерін апару да өзіне жүктелді.
Жан амандығынан өзге ештеңенің мәні қалмаған уақытта Ғалия апай пенде біткеннің бір-біріне деген ыстық ықыласының қаншалықты маңызды екенін жан-тәнімен сезінді.
Иә, расында, Ғалия Жұмабекованың есімі Қызылқайнар ауылының әр тұрғынына жақсы таныс. Жай таныс қана емес, әр отбасының жүрегіне жол салып, жақынына айналған мейірбан жан иесі. Сондықтан құрметті, сондықтан қадірлі.
Әңгіме барысында, расында, біз оның еңбекке деген құрметінің шексіздігіне тәнті болдық. Тынымсыз тіршілігі ауыл тынысымен үйлесім тапқан-ақ екен. Қарапайым көрінгенімен, дамылсыз іскерлікті талап ететін бұл жұмыс адамды алғысқа бөлейтіні сөзсіз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ