Әлеумет

Тозығы жеткен электр бағаналары ауыстырылуда

Қазіргі заманда электр энергиясынсыз бірде-бір іс бітпейтіні белгілі. Ал халықты үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету – электр энергиясын тарату мекемелері үшін маңызды міндет. Жамбыл ауданында бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.

Осы жауапты қызметті абыроймен атқарып келе жатқан аудандық электр тарату мекемесінде бүгінде 60 қызметкер еңбек етеді екен. Мекеме теңгерімінде 12 техника бар. Мекеме басшысы Рабат Сәрсеновтің айтуынша, қазіргі таңда аудан аумағындағы 10 100 жеке тұрғын үй тұрақты түрде электр қуатымен қамтамасыз етілсе, 134 заңды тұлға осы мекеме арқылы жарыққа қосылған.

Өткен жылы ауданда электр жүйесін жаңғырту бағытындағы инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Осы инвестициялық бағдарлама негізінде Шәкен Ниязбеков елді мекенінде электр желілері толықтай жаңартылып, инфрақұрылым сапасы айтарлықтай жақсартылған екен. Нақты айтқанда, қуаттылығы 250 кВт болатын 4 қосалқы трансформатор стансасы орнатылып, жалпы ұзындығы 11,225 шақырым болатын өздігінен оқшауланған (СИП) сым тартылыпты. Сонымен қатар ескі ағаш тіректердің орнына 173 «СВ-95» маркалы темір-бетон бағаналары орнатылды. Тұрғын үйлерге 304 заманауи электронды үлгідегі ДТЗ карталық, яғни дербес тұтынушы есептеуіш құрылғысы қойылып, есеп жүргізу автоматтандырылған екен.

Биыл ауданның өзге де елді мекендерінде электр желілерін жөндеу, жаңарту жұмыстары жалғасын тапқан. Мысалы, Айша бибі ауылында 5 қосалқы станса толық күрделі жөндеуден өткізіліп, желі бойындағы тал-дарақтар кесіліп, электр желілері тазартылған. Тастөбе елді мекенінің 0,4 кВт-тық әуе желілері мен қосалқы стансалары ағымдағы жөндеуден өткен. Ал Аса ауылындағы Төле би көшесінде орналасқан №34 қосалқы станса толық көлемде жөнделіп, жергілікті тұрғындар сапалы электр энергиясына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болыпты.

Р.Сәрсенов берген мәліметке сүйенсек, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауданның бірқатар ауылында электр желілерінің сапасы жақсара түскен. Қазіргі таңда жоспарлы жөндеу мен жаңғырту шаралары тұрақты түрде іске асырылуда. Аудан тұрғындарын электр энергиясымен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз етуде атқарылар жұмыс сапасы негізінде осындай болса керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ