Ауыл шаруашылығы

Орақ науқаны қыза түсті

Жуалы ауданы аграрлы өңір болғандықтан төрт-түлікке жемшөп дайындау жұмысы өте маңызды мәселе саналады. Ауа райының аптап ыстығына қарамастан бүгінде ауданның шаруа қожалықтары шөп ору науқанына қызу кірісіп кетті.

Ауданға қарасты Қарасаз ауылдық округінің шаруалары да шөп шабу және мал азығын дайындау науқанын үлкен қарқынмен бастады. Қысқы жемшөптің мол қорын дайындауға кіріскен шаруаларды бүгінде тек алқап басынан табатынымыз анық.

Қарасаз ауылындағы «Қуат» шаруа қожалығында да орақ науқанының басталғанына бірнеше күн болыпты. Шөптайлағыш агрегатты тіркемесіне алып, төңіректі еңбек әуеніне бөлеп жүрген «ГАЗ-53» жүк көлігінің кабинасынан шаруа қожалықтың басшысы түсіп, өзін Қуат Сыздықбаевпын деп таныстырды. 2003 жылы құрылған шаруа қожалықты бастапқыда әкесі Нұржан Сыздықбаев құрып, басқарса, кейіннен бар жұмысты ұлы Қуатқа сеніп тапсырыпты.

Әкесі Нұржан Сыздықбаев Қарасаз ауылында туған. Ауыл мектебін аяқтаған соң Шымкент қаласындағы техникумда оқиды. Ауылға келген соң мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Әрі қарай «Бірлік» өндірістік кооперативінде ферма меңгерушісі болып ұзақ жыл еңбек еткен. Ал кейін ветеринария саласында жұмыс істеп, сол мекемеден зейнетке шығып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде.

«Қуат» шаруа қожалығы егіншаруашылығымен қатар, мал өсірумен де айналысады. Үй іргесінен мал тұратын жылы әрі жарық қоражай салынған. Қожалықтың қолдағы төрт түлік малының қысқы шөбі мен жемі қарамағындағы 10 гектар егістік алқабынан дайындалады. Күнделікті шаруашылық жұмыстарына ұлдары қолғабыс жасауда.

Қожалық төрағасы орақ науқанын аз күнде аяқтап, мал азығының мол қорын дайындайтынына сенімді.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы