Агроөнеркәсіп кешені қалай дамып жатыр?
Ежелден-ақ ризық-несібесін Жер-анадан терген қазақ халқы үшін ауылшаруашылық саласының орны бөлек. Бүгінде бұл салаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Дегенмен қолдау-көмектің диқандарға дер кезінде толық жетіп жатпағаны жасырын емес.
Жақында облыстық қоғамдық кеңес ауылшаруашылық саласында субсидия ала алмай сергелдеңге түскен шаруалардың жай-күйі, малды асылдандыру жұмыстарының қазіргі деңгейі және салада атқарылып жатқан өзге де жұмыстар бойынша кешенді мониторинг жүргізді. Ауылшаруашылығы, жер қатынастары және табиғи ресурстар жөніндегі комиссияның төрағасы Амангелді Карентаевтың айтуынша, асыраушы салада шешімін күткен мәселелер жетерлік.
СУБСИДИЯ АЛУДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Қоғамдық мониторинг кезінде, ең алдымен, ішкі аграрлық азық-түлік нарығын отандық ауылшаруашылық өнімдерімен және олардың терең өңделген түрлерімен молынан қамту бағытындағы жұмыстар жан-жақты зерделеніпті. Осы орайда облыста аграрлық секторды қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өткен жөн. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, 2025 жылы жалпы 641,2 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланыпты.
Тарқатып айтқанда, басқарма бүгінгі таңда жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын «Zoomlion» және «Fmworld» маркалы тракторларды құрастыру бойынша 2 жобаны жүзеге асыра бастапты. Аталған жобалар фермерлерді қолжетімді ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ саладағы еңбек өнімділігін арттыруға оң ықпал ететін болады.
Су үнемдеу технологияларын өндіру бағытында нақты істер атқарылуда. Бүгінде қытайлық «Kazakh industrial stroi» компаниясы суару арналарына арналған бетон жабындыларын өндірумен айналысуда. Сол секілді осы елдің «Kazkaspi hydro» компаниясы жылына 8 мың тонна өнім өндіретін тамшылатып суару жүйелерін шығарады. Биыл қытайлық «Fufeng Group Ltd» компаниясы жүзеге асыратын жалпы құны 350 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталады. Жоба толық қуатына енгенде жылына 1 миллион тонна жүгеріні терең қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Ал алғашқы кезеңде, яғни осы жылдың өзінде 300 мың тонна жүгеріні өңдеу жоспарланып отыр. Биыл осы жобаның құрылыс жұмыстарына 56 миллиард теңге, ал 2026 жылы тағы 56 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде. Сонымен бірге құрылғыларды сатып алуға 2025 жылы 95 миллиард теңге, 2026 жылы 38,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бұдан бөлек облыс аумағында өз өндірістерін орналастыруға ниет білдіріп отырған үш шетелдік инвестор бар. Қазіргі таңда бұл жобалар алдын ала пысықтау кезеңінде.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста ауылдық жерлерді дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
ЖӘРМЕҢКЕЛЕР ТҰРАҚТЫ ӨТКІЗІЛУДЕ
Облыс тұрғындарын қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласында былтыр барлық аудандардың атсалысуымен 27 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліпті. Жәрмеңкелерде жалпы құны 464,5 миллион теңгеге 612,3 тонна ауылшаруашылық өнімі сатылған. Ал биыл осы күнге дейін 38 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 124,1 миллион теңгенің 104 тонна өнімі сатылыпты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жариялаған «Ауыл шаруашылығын дамыту» бастамасына орай құрылтай ұйымдастырылып, ауқымды көрме өткізілген. Сол секілді 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы, 18 д мекенжайында орналасқан «Әлеуметтік базар» жұмыс істей бастады. Базарда ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс, нан-тоқаш өнімдері үшін арнайы бөлімдер құрылып, қажетті жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ қосымша 10 жұмыс орны ашылып, аз қамтылған азаматтарға тегін сауда орындары ұсынылуда.
ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАТЫН ЖОБА КӨП
Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, облыста мүйізді ірі қара саны 429,5 мыңға, қой саны 3 миллион 17,8 мыңға, жылқы 173,9 мыңға, ал түйе 7,8 мыңға жеткен. Селекциялық-асылдандыру жұмыстары 57 мың сиырға, 448,1 мың асылтұқымды және 557,8 мың тауарлы саулыққа қатысты жүргізіліпті. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыста ұсақ мал басы 500-ден асатын асылтұқымды мал өсіретін 359 шаруа қожалық пен асылтұқымды мүйізді ірі қара өсіретін 59 шаруашылық тіркелген.
Ауылдық жерлердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде былтыр аймақта жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 201 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Ал 2025-2027 жылдар аралығында жалпы сомасы 67,4 миллиард теңгені құрайтын 22 жобаны іске асыру көзделуде. Оның ішінде 7 сүт-тауарлы ферманы іске қосу үшін 15 миллиард 183 миллион теңге қажет, бұл жобалардың 9 миллиард 290 миллионы несие қаражатын талап етеді. Сонымен қатар құс фабрикасына 16 миллиард 410 миллион теңге бағытталса, оның 12 миллиард 450 миллионы несиелендіруді қажет етеді. Үш көкөніс сақтау қоймасына 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінсе, оның 1 миллиард 995 миллионы несие арқылы қаржыландырылмақ. Сондай-ақ 6 қайта өңдеу жобасына 27 миллиард 721 миллион теңге қажет болса, бұл соманың 21 миллиард 193 миллионына несиеге сұраныс жібермек. Одан бөлек 2 су үнемдеу қондырғысына 2 миллиард 960 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отырса, оның да 2,5 миллиарды несиелік қаржы есебінен қаралады екен. Сол секілді 1 бордақылау алаңына 2 миллиард 300 миллион теңге қарастырылған болса, 2 миллиард теңгесі несиелік қаржы. Балықшаруашылығын дамыту жөніндегі 1 жобаға 240 миллион теңге бөлінсе, 150 миллионы несиелендіру арқылы іске асады.
Биыл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жалпы құны 37,3 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру бойынша ауылшаруашылық жануарларын, техниканы және технологиялық жабдықтарды сатып алуға кредит беру немесе лизингке алу кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша жалпы 5 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінгі күнге дейін 4,3 миллиард теңге сомасында 3 мың 34 шаруа қожалығына сыйақы төленіп отыр. Қазіргі уақытта қосымша 48 шаруа қожалығынан ұсыныс қабылданып, олар резервке енгізілген.
Тұқымшаруашылығын дамытуда да ілгерілеу бар. Жалпы тұқымшаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат пен бақылау «Е-Лицензиялау» электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Тұқымшаруашылығы субъектілері портал арқылы өтінім беріп, уәкілетті орган тарапынан аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау барысында әдістемелік және технологиялық талаптардың сақталуы, сорттық және тұқымдық бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан тұқым сапасын анықтау, егілген сұрыптарды байқау, сынама алу және аккредиттелген зертханаларда сараптама жасау сынды жұмыстар атқарылады. Облыс аумағында тұқымшаруашылығын жүргізетін 4 аттестатталған агроқұрылым тіркелген. Олар – «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» Жамбыл филиалы, «Сыпатай батыр» ЖШС, «Злиха» ШҚ және «FeedCrop» ЖШС.
Өсімдіктерді қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында 2025 жылы саяқ шегірткелерге қарсы 20 143 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Оның ішінде 9 228 гектары – шаруа құрылымдарының жері, ал 10 915 гектары – мемлекеттік жер қорының аумағы. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ретінде «Prest Mosq treatment» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған, шарт сомасы – 17 миллион 643,8 мың теңге.
Қоғамдық мониторингте қаралған маңызды бағыттардың бірі – асылтұқымды малшаруашылығын дамыту. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста асылтұқымды мал саны артып келеді. Қазіргі таңда 429 мың ірі қараның 52 мыңы, 3 миллион қойдың 792 мыңы асылтұқымды мал санатында. Жылқы мен түйе арасында бұл үлес аздау болса да өсім байқалған.
Мал сапасын жақсарту үшін селекциялық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Әсіресе ет бағытындағы ірі қара тұқымын түрлендіру көрсеткіші 2023 жылы 24 пайыз болса, бүгінде 43 пайызға жеткен. Сүтті бағытта қолдан ұрықтандыру тәсілі кеңінен қолданылып, соңғы үш жылда 110 миллион теңге жұмсалып, 22 мың сиыр ұрықтандырылған. Қойшаруашылығын қолдауға 2022 жылдан бері 14,7 миллиард теңге бөлініп, қой саны 2,6 миллионнан 3 миллионға өскен. Асылтұқымды қой саны 792 мыңға жетіп, облыста таза қанды мал өсіретін 425 шаруашылық жұмыс істеп тұр екен. Жалпы мақсат – мал тұқымын асылдандырып, ет пен сүт өнімділігін арттыру.
Мониторинг нәтижесінде былтырғы тауарын өткізе алмай қалған диқандардың мәселесін ескере отырып, қант қызылшасын өсіруші шаруашылықтардың субсидияға қол жеткізуіндегі кідірістер мен зауытпен өзара есеп айырысу мәселелері бойынша басқарма басшысына нақты ұсыныстар жолданды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігін арттыруға да назар аудару керектігі айтылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ