Кемел ойлы кітапханашы
«Еңбек адамы» деген кім? Ол кей замандастарым секілді әлеуметтік желілер арқылы тез әрі көп табыс табуды, жалпы оңай олжаға кенелуді өмірлік мұрат еткен адам емес. Еңбек адамы – әр істің басын бір шалмай, өзі таңдаған саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, белгілі бір ортада өзін тапқан адам. Мен танитын сондай қоғамға пайдалы адамның бірі – Гүлдана Үсенбаева.
«Дарақ бір жерде көгереді» демекші, Гүлдана Асқарәліқызы – Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапхана жүйесінде табан аудармай 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ең алғашқы еңбек жолын да аталған кітапханадан бастаған. Міне, тұрақтылықтың озық үлгісі.
Кейіпкеріміздің айтуынша, кітапхана ішіндегі жұмыстар көзге көрінбегенімен, мазмұны терең.
Сонымен қатар руханият ордасында «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Дауыстап кітап оқу, руханиятқа талпынысты ояту», «Жастар – кітап әлемінде», «Киелі өлкенің кілті біздің қолымызда» сынды бірқатар жоба қолға алынған. Аталған жобалар аясында қызықты кездесулер, конференциялар, кітап бенефистері, түрлі кітап көрмелері тұрақты ұйымдастырылып тұрады.
Жылдар бойы атқарған адал еңбегі үшін Гүлдана Үсенбаева бірнеше мәрте облыс және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – оқырманның ризашылығы.
Әдіскер ретінде әріптестері арасында үлкен беделге ие кәсіби маман жаңа жобаларды іске асыруда бастамашылдық танытып, ұжыммен бірлесе жұмыс істеудің озық үлгісін көрсетіп жүр. Оның жетекшілігімен өткізілген іс-шаралар оқырмандардың қызығушылығын арттырып, кітапханаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп келеді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу бағдарламаларын жаңғырту ісінде де белсенділік танытуда.
Бұл – бір салада ұзақ жыл еңбек еткен адамның үлкен жүректілігінің белгісі. Оның бойынан табылатын сабырлылық, еңбекқорлық пен жауапкершілік – кез келген маманға үлгі боларлық қасиеттер. Осындай жандар арқылы ғана қоғамда еңбекке деген құрмет пен сенім артады.
Мадина МАДИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті