Майталман механизатор
Қазіргі таңда көп адамның оңай жолмен пайда тапқысы келетіні жасырын емес. Осындай кезеңде ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалап, оларды көпке үлгі етуіміз керек. Өкінішке қарай, қоғамда жұмысшы мамандығын төмен санайтын көзқарас кездесіп жатады. Мәселен, өркениетті елдерде құрылысшы, токарь, дәнекерлеуші, еден жуушы сынды жұмысшы маман иелері үлкен құрметке ие. Сол себептен де көптеген отандасымыз шет мемлекеттерде қара жұмысқа жегіліп, табыс табуға мәжбүр.
Дегенмен еліміздің түкпір-түкпірінде жастарға өнеге боларлық еңбек адамдары аз емес. Солардың бірі – бала күнінен маңдай терімен адал нәпақа табуға үйренген Жуалы ауданына қарасты Боралдай ауылдық округі, Көлтоған ауылының тұрғыны Дәулен Бәйтіков.
Дәулен Бәйтіков 1963 жылы Талас ауданының Көлтоған ауылында дүниеге келген. Алайда ол үш жасқа толғанда ата-анасы Жуалы ауданының Көлтоған ауылына қоныс аударған екен. Балалық шағы мен жастық кезеңі осы ауылда өтті. 1980 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылында орналасқан сол кездегі гидромелиорация техникумына оқуға түсіп, «Ауылшаруашылығы механизаторы» мамандығын игереді. Алайда 1982 жылы оқуды уақытша тоқтатып, әскери борышын өтеуге аттанады.
Кейіпкеріміз өмір жолында өзіне сенімді серік, отбасына сүйеніш болар жанды жолықтырып, 1987 жылы шаңырақ көтерген. Жан жары бүгінде отбасының берекесі мен ұйытқысы болып отыр. Осы орайда еңбек адамының жұбайы Меруерт Бәйтіковамен де сұхбат құрудың мүмкіндігі туды.
Кейіпкеріміз адал еңбек адамды бақытқа жетелейтінін айтады.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұстанымы – бір-бірімен тығыз сабақтасқан, бөлінбейтін өмірлік қағидаттар. Бұл үштаған қоғамның іргетасын нығайтатын, мемлекетті өркениетке жетелейтін негізгі құндылықтардың бірі. Шын мәнінде, осы ұғымдар табысты, әділетті және өркендеген ел болудың алтын арқауы саналады. Сондықтан жас ұрпақтың санасына адалдық, еңбекқорлық пен маңдай термен келетін ризықтың қадірін сіңіруге көңіл бөлуіміз тиіс.
Кейіпкеріміздің де өмірлік ұстанымы дәл осы тұжырыммен үндесіп жатыр. Оның пікірінше, әр адам өзіне жүктелген істі адал атқаруға тиіс, себебі елдің ертеңі де, берекесі де еңбекке сүйенген азаматтардың адалдығында. Жастарға бағыттап айтқан жүрекжарды тілегі мен өмірден түйген ақылы Мемлекет басшысының сөзінен алшақ емес. Бұл да бекер емес, өйткені адал еңбек еткен адамның сөзі — өмірдің өзінен алынған шындық.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ