Ел мүддесі бәрінен биік
Адамзат қоғамының дамуында мемлекеттің алғашқы белгілері пайда бола бастағаннан кейін осы қоғамды басқаруға арналған аппарат пайда болды. Бұл аппарат кейіннен бүкіл мемлекеттік басқару институтына айналды.
Мемлекеттік басқару мәселелері бойынша шетел әдебиеттерінде «азаматтық қызмет», «қоғамдық қызмет», «үкіметтік қызмет» терминдері кеңінен қолданылатынын атап өткен жөн. Көбінесе бұл ұғымдар синоним ретінде пайдаланылып, тұтастай алғанда кәсіби мемлекеттік қызметшілер деген ұғымды білдіреді.
Дүниежүзіндегі елдердің басым көпшілігінде азаматтық (қоғамдық) қызметте лауазымынан босатуға болмайтын тұрақты кәсіби мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейді, ал үкіметтік қызметте жүйелі түрде ауыстырылуы тиіс жоғары мемлекеттік шенеуніктер қызмет атқарады. Әдетте шенеуніктер саяси қызметі үшін мемлекеттік лауазымдарға тағайындалады және олардың қызмет ету мерзімі олар қолдайтын партия басшысының Үкімет басында болған уақытына байланысты.
Осылайша мемлекеттік қызмет жүйесіне саяси шенеуніктер, кәсіби мемлекеттік қызметшілер, тіпті кейде мемлекеттік органдардың қызметкерлері де кіреді. Әрбір елдің дәстүрлері мен заңдары әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін айқындаған мемлекеттік қызметтің жұмыс істеуінің ерекше тәртібін қарастырады.
Жоғарыда аталған кәсіби шенеунік институты Франция мен Германияда пайда болды. Өйткені дәл осы елдерде Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық жүйесі кіретін континенттік құқық жүйесінің негізгі элементтері қалыптасты. Осы құқық жүйесіне сәйкес мемлекеттік қызмет модельдері құрылды және оларға орталықтандыру, қатаң иерархия, біріздендіру, нормативтік реттеу жатқызылды.
Посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекетте, соның ішінде Қазақстан Республикасында әкімшілік реформа дамудың жаңа кезеңіне өтуде. Мәселен, негізгі шаралар мемлекеттік басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға, кәсібилік деңгейін, мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталады.
Мемлекеттік қызметтің қалыптасуының бірінші кезеңі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан басталды. КСРО-ның қайта құрылуына байланысты азаматтық қоғамның белсенді мүшелері ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа мақсаттары мен басымдықтарына сәйкес келмейтін мемлекеттік қызметті реформалау туралы айта бастады. Дәл сол кезде жалпы мемлекеттік басқаруды, оның ішінде мемлекеттік қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеу жүріп жатты. Сондай-ақ сол кезеңде қарапайым азаматтардың ойлау тәсілі түбегейлі өзгергенін, мемлекеттік аппарат қызметінің және жалпы мемлекеттік қызмет мәселелерін айқындайтын шетелдік заңнама мен шетелдік авторлардың еңбектері сұранысқа ие болғанын ескеру қажет.
Қазақстанның саяси жүйесін қайта құрудың, оның ішінде мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеудің нәтижесі 1993 жылы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның бірінші Конституциясының қабылдануы болды.
1993 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабында азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуге құқығы тең болып бекітілді. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болды. Бұл ереженің тарихи маңыздылығы – осы құқықты заңнамалық тұрғыдан бекіту еді. Мұндай құқық КСРО-ның негізгі заңында айтылмаған, сонымен қатар жеке заңда құқықтық регламенттелмеген.
Тұтастай алғанда, Кеңес одағында мемлекеттік қызмет туралы бірыңғай одақтық заң болмады. Қазақстанның бірінші Конституциясын қабылдау барысында мемлекеттік қызметтің жұмыс істеуінің жаңа жағдайларға тең үлгісін іздестіру үздіксіз жүргізілді.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Осы сәттен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы дамытудың келесі негізгі кезеңі басталды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 33-бабының 4-тармағымен республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қолжетімділікке тең құқығы жарияланды. Сондай-ақ «мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп көрсетілді.
Конституцияның осы ережелерін іске асыру үшін келесі қадам – 1995 жылғы 26 желтоқсанда заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» №2730 Жарлығы шығып, Қазақстанда мемлекеттік қызметті институттандыру процесі басталды. Онда оның негізгі принциптері, яғни мемлекет алдында азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің басымдығы, жалпыға қолжетімділігі айқындалды.
Осы актімен мемлекеттік қызметшілердің біліктілік сыныптары енгізілді. Мемлекеттік қызметке кіру, өту, тоқтату, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау мәселелері регламенттелді. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары белгіленді және басқа да көптеген маңызды ережелер енгізілді. Дегенмен бірқатар прогрессивті ережелерге қарамастан жоғарыда аталған Жарлық негізінен декларативті сипатта болды және іс жүзінде азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ете алмады.
Алайда осы нормативтік құқықтық актіні қолдану барысында пайда болған көптеген келеңсіз жағдайларға қарамастан оның маңыздылығын бағаламауға болмайтынын атап өткен жөн. Өйткені егемен Қазақстан тарихында алғаш рет өтпелі кезеңде мемлекеттің маңызды институты ретінде мемлекеттік қызметті дамытудың негізін қалаған мемлекеттік қызмет жүйесі ұсынылды. Бұл ретте объективті, субъективті сипаттағы проблемалар көлемінің артуы мемлекеттік қызметті реформалау процесін едәуір қиындатты. Мәселен, мемлекеттік қызметке құзыретті, талантты, дарынды адамдарды мақсатты іздеу, іріктеу және тарту жүйелері болмады. Аталған проблемаларды шешу үшін еліміздің басшылығы мемлекеттік аппаратты қажетті мөлшерде және тиісті біліктілікте кадрлармен мақсатты түрде қамтамасыз ете алатын бірыңғай орталық орган құрды.
Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, алдыңғы қатарлы елдердің даму тәжірибесінің көпшілігі үшін мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан кадр саясаты мен мемлекеттік қызметтің біртұтас жүйесін қалыптастыру басты мақсат болды.
Осы және басқа мақсаттарды жүзеге асыру мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен жұмыс істеу принциптері мен ережелерін қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкін болатыны сөзсіз. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметті басқару саласы ретінде қалыптастыру басқару бағытын нығайтқан жағдайда ғана орын алатынын атап өткен жөн. Жоғарыда айтылғандардың негізінде мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясат жүргізу жолы жүзеге асырылды.
Тиісінше, 1999 жылғы 23 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның және оның негізінде шығарылған заңға тәуелді нормативтік актілердің қабылдануымен отандық мемлекеттік қызметті дамытудың мүлдем жаңа кезеңі белгіленді. Халықаралық тәжірибеге жүргізілген талдау демократиялық мемлекеттердегі мемлекеттік қызметтің негізі – меритократия мен мемлекеттік қызметте адам ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған мемлекеттік қызметшінің жеке еңбегіне негізделген жүйе екенін көрсетті.
Меритократия қағидаты жаңа заңның негізін қалаған мынадай элементтерді қамтиды: мемлекеттік қызметке кіру және жоғарылату кезінде міндетті конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы, тең мәнді жұмысты орындағаны үшін бірдей еңбекақы төлеу, өз қызметінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді бағалау кезінде көтермелеуге, нәтижелері толық қанағаттанарлықсыз адамдардың қызметін түзетуге және қызметінің нәтижелері қанағаттанарлықсыз қызметшілерді жұмыстан шығаруға, мемлекеттік қызметшілерді қызметінің нәтижелерін жақсарту мақсатында оқыту құқығы.
2011 жылы мемлекеттік қызмет институтын дамыту және одан әрі жетілдіру мақсатында «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы» бекітілді, яғни мемлекеттік билік органдарының, ғылыми қызметкерлердің, мамандардың жүйелі, ұзақ еңбегінің аясында, шет елдердің мемлекеттік қызмет модельдерін қалыптастырудың табысты тәжірибесін ескере отырып, отандық мемлекеттік қызмет институтын дамытудың жаңа тетіктері енгізілді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын табысты іске асырудың нәтижесі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне бағдарланған кәсіби мемлекеттік қызмет болып саналады. Бұл ретте мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заңнамалық базасы да жетілдірілді.
Мәселен, 2015 жылғы 23 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға қол қойды, ол 2016 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Мемлекеттік қызметке кіру тәртібіне жаһандық жаңғырту жүргізілді. Мансаптық ілгерілеу, тұтастай алғанда, құзыреттілік тәсіл негізінде жүзеге асырыла бастады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2003 жылғы 7 наурыздағы 57/277 қарарында 23 маусымды «Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні» деп жариялауға шешім қабылдады.
Аталған қарарда осы күні мемлекеттік қызметтің қоғам өмірі мен оның даму процесіне қосқан үлесі мен оның маңыздылығын айқындайтын арнайы іс-шаралар ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілерді марапаттау, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің мансабы туралы шешімдер қабылдау мәселелері қамтылған.
Мемлекеттік қызметті дамыту жолындағы мақсатқа жету үшін мемлекеттік билік саяси реформаларды, институционалдық үйлестіруді, инклюзивті шешім қабылдау процесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімді, жауапты, әмбебап жүйелерін ілгерілету үшін инновациялық және интеграцияланған тәсілдерді қолдануы қажет.
Осылайша еліміздегі тиімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуы – демократиялық, құқықтық, азаматтық қоғамның одан әрі дамуы мен жетілуін нығайтатын болады.
Нұрқат БАТЫРҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
облыс бойынша департаменті
басшысының міндетін атқарушы