Брифинг

Байзақтықтар газбен толық қамтылған

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараевтың қатысуымен «Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Олжас Елебекұлының айтуынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 133,6 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 107,1, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 102,2, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 536,1 пайызды құраса, ауылшаруашылық саласында өсім 116,6 пайызға жеткен.

Спикер ауданда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын айтты. Жалпы аудан бойынша 14 880 адам жер телімін алуға кезекте тұр. Бүгінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту үшін Сарыкемер ауылында 40 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 60 пәтерлік 5 қабатты және 60 пәтерлік жеке тұрғын үй құрылысы басталады деп жоспарлануда.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да ауданда атқарылған жұмыс аз емес. Бүгінде 40 елді мекеннің 38-і ауызсумен қамтылыпты. Ал аудандағы 40 елді мекен 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Сарыкемер –Мырзатай» бағытындағы ұзындығы 8,9 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 303,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ауданда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысушылардың және жұмысқа жолданғандардың 2025 жылға жоспары 4 691 адам болса, бүгінгі күнге орындалуы 2 216-ны құраған.

Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тұшымды жауапқа қанықты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ