Атқарылған жұмыстар сараланып, жоспарлар нақтыланды
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен Жұмысшы мамандықтары жылын тиісті деңгейде ұйымдастыру бойынша штаб отырысы өтті. Жиынға басқарма басшылары, штаб мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Штаб отырысын Серік Сәлемов ашып, жүргізді. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша баяндама жасады.
Ал облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев іс-шаралар жоспары бойынша басқармаға 7 тармақ берілгенін, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті.
Оның айтуынша, биылғы жылы 55,1 мың адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. 5 айдың қорытындысы бойынша 26,8 мың адам жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша атқарылған ақпараттық-идеологиялық жұмыстарға тоқталып, құлақтандыру, насихаттау жұмыстары бойынша баяндама жасады.
Жиын соңында Серік Жақсылықұлы баяндамашылардың баяндамаларына көңілі толмайтынын жеткізіп, бірқатар олқылықтың орнын толтыру керектігін ескертті. Сонымен қатар штаб отырысының екінші бөлімі кейінге шегеріліп, баяндамашылардың толыққанды ақпарат дайындауына бір апта уақыт берілді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ