Аудан әкімдері отбасын қолдау орталықтарын ашуға асығар емес
Өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жәбірленушілерге қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық‑демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында тұрмыстық зорлық‑зомбылық саласындағы қазіргі ахуал, зардап шеккендерді қорғау мен алдын алу шараларын жетілдіру, аналар мен балалар өлімі және ерте жүктілік мәселелері қаралды.
Алдымен күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі зорлық-зомбылыққа қорғау бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Диляфруз Абазқызы баяндама жасады.
284 азамат қамауға алынып, 145 адамға ішімдік ішпеу немесе отбасы мүшелеріне жақындамау туралы арнайы талап қойылған. Сонымен қатар 1 516 қорғау нұсқамасы беріліп, 34 құқық бұзушы қайта қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Отырыс барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша мәліметтер жарияланып, нақты ұсыныстар да айтылды. Мамандардың айтуынша, арнайы базаға енгізілген агрессорлардың саны бүгінде екі мыңнан асқан. Олардың 65 пайызы күйеуі мен әйелі арасындағы жанжалға байланысты тіркелсе, қалған бөлігі ата-енесі, туған бауырлары, тіпті әкесі мен баласы, анасы мен баласы арасындағы жанжалдардан құралған. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауқымы отбасылық қатынастардың әртүрлі деңгейінде орын алып жатқанын көрсетеді.
Отырыста сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева тұрмыстық жанжалдардың негізгі себебінің бірі жұмыссыздық екенін атап өтті.
Ал облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова орталыққа жүгінетін әйелдердің дені көпбалалы, жұмыссыз, білімі орта немесе тіпті білімі жоқ аналар екенін айтты.
Отырыста Мемлекет басшысының еліміз бойынша 234 отбасын қолдау орталығын ашу туралы тапсырмасының орындалу барысы да сөз болды. Қазіргі таңда республика бойынша 115 орталық ашылған. Тараз қаласында және Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Меркі, Мойынқұм аудандарында мұндай орталықтар жұмыс істеуде. Алайда өзге аудандарда отбасын қолдау орталықтарының әлі ашылмауына қаржының жеткіліксіздігі мен ғимарат тапшылығы кедергі болуда.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы осы мәселеге ерекше тоқталып, аудан әкімдерінің орынбасарларымен селекторлық байланыс арқылы сөйлесіп, 2025 жылдың қыркүйек айына дейін барлық ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашуды міндеттеді.
Жиын барысында Серік Сәлемов тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте қоғам белсенділеріне, әсіресе ауыл-аймақтағы билер мен ақсақалдар алқасына үлкен жауапкершілік жүктелетінін баса айтты. Серік Жақсылықұлының айтуынша, бұл бағытта тек құқық қорғау немесе білім басқармасы ғана емес, бүкіл қоғам бірлесіп әрекет етуі тиіс.
Серік Сәлемов өз сөзінде бұл құрылымдардың барынша белсенділік танытып, нақты іспен айналысуы керектігін жеткізді. Облыс көлемінде бір айлық «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» акциясын ұйымдастырып, осы іс-шара аясында арнайы мобильді топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.
Мұнан соң күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің баяндамасы тыңдалды.
Айжан ӨЗБЕКОВА