Қазақстандағы ең нашар стадион аталды
Атыраудағы «Мұнайшы» стадионы елдегі ең нашар футбол аренасы атанды, деп хабарлайды arainfo.kz
Атыраудағы «Мұнайшы» футбол стадионы газон сапасы мен инфрақұрылымы бойынша елдегі ең нашар спорт нысаны деп танылды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының лицензиялау департаментінің директоры Ержан Мусабеков Offside.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап елімізде футбол стадиондарының жабындыларына қатысты ұлттық стандарт күшіне енген. Дегенмен, «Мұнайшы» стадионы бұл талаптарға тек формалды түрде сай болғанымен, чемпионат қатысушылары мен сарапшылар тарапынан жиі сынға ұшырауда.
Былтыр стадиондағы жасанды газон арнайы тексерістен өткен. Сараптама қорытындысы бойынша оның сапасы ең төменгі деңгейде деп бағаланған.
Қазіргі таңда бұл мәселе федерацияның жіті бақылауында. Газон сапасын жақсарту немесе оны толықтай ауыстыру нұсқалары қарастырылып жатыр.
Соңғы жылдары елімізде бірқатар футбол ареналары жаңартылуда. Түркістан, Петропавл және басқа қалаларда салынған жаңа стадиондар ұлттық стандарттарға толық сай. Қазақстан футбол федерациясының мәлімдеуінше, ендігі кезекте салынатын немесе қайта жөнделетін барлық стадиондар газон сапасы мен инфрақұрылым бойынша халықаралық талаптарға толық сәйкес болуы тиіс.