Қазақстан мектептеріне оқушыларды кәсіптік бағдарлауға арналған жаңа цифрлық құрал енгізілуде
Аталған бастама болашақ кәсіпті ерте жастан саналы таңдауды қалыптастыруға бағытталған және 7-9 сынып оқушыларына арналған, деп хабарлайды arainfo.kz
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп оқушыларға кәсіптік бағдар берудің «Оқушының қызығушылықтары мен дағдыларының икемді бейіні» (ОҚДИБ) цифрлық әдістемесін әзірледі.Аталған бастама болашақ кәсіпті ерте жастан саналы таңдауды қалыптастыруға бағытталған және 7-9 сынып оқушыларына арналған. Бұл әдістеме оқушыларға қызығушылықтарын айқындауға, қабілеттерін анықтауға және одан әрі даму үшін оңтайлы бағыттарды таңдауға көмектеседі. Әзірлеме қазақстандық мазмұнға бейімделген және еліміз бойынша 10 мыңнан астам оқушы қатысқан сынақтан өткен.
Жоба жалпы білім беретін мектептерге заманауи, тұрақты және болашаққа бағдарланған кәсіптік бағдарлау жүйесін құруға жағдай жасап, әрбір балаға болашақ кәсіби жолын саналы таңдауға мүмкіндік берді.