Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының ұлы қазынасы
Қазақ халқының ұлы перзенті, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың рухани мұрасын дәріптеу мақсатында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Тыңда, дала – Жамбылды!» атты өзге ұлт өкілдері арасында байқау өтті. Байқауға еліміздің әр өңірінен жиналған 9 өнерпаз қатысты.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс екі кезең бойынша өтті. Өнерпаздар алғашқы кезеңде Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде халық әндерін шырқады.
Бірінші нөмірмен өнер көрсеткен Жамбыл ауданының жас жұлдызы Әнел Айдаралиева өлең оқу кезеңінде бұлбұлдың үніндей сыңғырлаған даусымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, Шу ауданынан қатысқан Асли Рашидова да байқауға жоғары дайындықпен келгенін байқатты. Ал Түркістан облысынан келген Дияна Жаппарова «Уақыттар зулап жорғадай» деп ән салып, көпшіліктің көңілін көтерді. Тараздық Нұрсұлтан Искендеров Әнұранымызды скрипкада ойнап, жандүниемізді тебіретті. Сондай-ақ қордайлық Владислав Третьяков, түркістандық Нозима Абдусоматова, тараздық Нелли Баранецкаялар да осал болмады. Түркістан облысынан келген тағы бір қатысушы Дилмира Бекташова «Сені ешкімге бермеймін» деп ән шырқаса, Тараз қаласының атынан қатысқан Мухаббат Алеханова «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін орындап, жүрек қылын шертті.
Байқауға Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова, күйші, айтыскер ақын Дидар Басықараев және облыстық филармонияның әншісі Мерей Әбуева қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Мухаббат Алеханова бас жүлде иегері атанды. I орынды түркістандық Диана Жаппарова жеңіп алды. Жамбыл ауданының қатысушысы Анел Айдаралиева II орынды иеленсе, III орын Дильмира Бекташоваға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ