Шежірелі Шудың тоқсан жылдық жылнамасы
Шу аудандық мәдениет үйінде шежіресі бай, тарихы терең «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты жиынға республикалық және облыстық БАҚ өкілдері, сала ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты кеш Шу халық театрының «Ұлттың ұлы көсемі – Ахмет Байтұрсынов» атты сахналық қойылымымен бастау алды. Одан кейін облыс әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағының облыстағы өкілі Хамит Есаман мінберге көтеріліп, бір дәуірдің шежіресіне айналған басылымды мерейтойымен құттықтап, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаевтың құттықтау хаты да көпшілік алдында оқылып, салтанатты түрде бас редактор Ерғали Қартайғанға табысталды.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жиналған қауымды басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында журналистика саласында абыройлы еңбек еткен ардагерлер мен редакцияның қазіргі ұжымына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ аудандық газеттің мерейтойына орай өткен тастаяқ турнирінде топ жарған жеңімпаздар марапатталды. Бірқатар азаматқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табысталды. Одан бөлек балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев пен ақын Бақыт Исаеваның шығармаларын біріктірген қос жинақтың тұсаукесері өтті. Кітаптың лентасын журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы мен журналист Ғалым Қасабай қиып, оларға қазақы дәстүрмен аудан басшысы шапан жапты.
Айта кетейік, «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің алғашқы саны 1935 жылдың 16 маусымында «Социалды еңбек» деген атаумен жарық көрген. 1935 жылы Сергей Киров өмірден өткен соң газет атауы «Кировшы» болып өзгертіледі. Кейінірек этностық ерекшеліктер ескеріліп, 1954 жылы орыс тілінде «Кировец» газеті шығарыла бастады.
1962 жылдан бастап екі тілде қатар шығатын газет «Шу өңірі – Шуская долина» атауын иеленіп, бүгінге дейін осы атпен жарық көріп келеді. Уақыт өте келе басылым өз дәуірінің тынысын жеткізе отырып, ел тарихының шынайы шежіресіне айналды.
Бүгінгі таңда «Шу өңірі – Шуская долина» газеті заман ағымына сай түрленіп, 2024 жылдың басынан бастап D2 форматына көшті. Басылымның дизайны жетілдіріліп, мазмұны байытылды, көлемі ұлғайды.
Бас редактор Ерғали Қартайғанның айтуынша, газет редакциясы аға буынның өнегесін жадына түйіп, қоғаммен байланысын үзбей, өз миссиясын абыроймен атқарып келеді.
«Шу өңірі – Шуская долина» газеті – ел өмірінің шынайы айнасы, халықпен бірге жасап келе жатқан рухани серік. Ғасырлық межеге таяп қалған басылым – тек ақпарат құралы емес, ұлттық жадының тірі мұрасы.
Айжан ӨЗБЕКОВА