Мақсаты айқын Меруерт
Жуырда Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық конкурсының жеңімпаздары белгілі болды. Бәсі жоғары байқауда жамбылдық студент Меруерт Байдәулетова жеңімпаздар қатарынан табылып, өңіріміздің абыройын асқақтатты.
Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің талантты және перспективалы студенттерін анықтау және қолдау, сондай-ақ Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін жоғары білікті мамандардың кадрлық резервін жасақтау.
Жалпы байқау үш кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңі колледж ішінде өтсе, өңірлік кезеңге әр колледжден бес студент қатысады, ал республикалық кезеңде әр аймақтан 10 үздік студент сайысқа түседі.
Меруерт беделді байқауға ерекше ынта-жігермен, үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Колледждегі жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Айгүл Нұрманқызының бағыт-бағдары мен қолдауы да Меруерттің өзіне деген сенімін арттырып, жаңа белестерді бағындыруына сеп болды.
Ал жүзден жүйрік шыққан Меруерттің басты мақсаты – туған өлкемізді дамыту үшін жаңашыл ойлайтын, білімді де жан-жақты тұлпа болып қалыптасу.
Айта кетейік, байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 2600-ден астам колледж студенті қатысқан болатын. Әр үміткердің білім деңгейі, қоғамдық белсенділігі, шығармашылық қабілеті мен жобалық жұмыс сапасы жан-жақты бағаланып, ең жоғары ұпай жинаған студенттер ғана үздік жүздіктің қатарына ене алды.
Сол үздіктер қатарынан Меруерт те бой көрсетті. Ол өз еңбегімен, табандылығымен және жан-жақты қабілеттерімен сарапшылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде Меруерт «Қазақстан Республикасының колледждерінің ТОП-100 үздік студентінәі» қатарына енді. Оқу-ағарту министрінің қолынан арнайы диплом, төсбелгі және медаль алған сәт – Меруерттің ғана емес, оның ұстаздарының, ата-анасының, оқу орнының және барша қолдау білдірген қауымның ортақ жетістігі деуге болады.
Бұл марапат – оның тынымсыз еңбегі мен биік мақсаттарға жетудегі табандылығының нақты дәлелі.
Сымбат ҚУАНЫШ