Білім

Кітап оқуды трендке айналдырды

Қазіргі цифрлы ғасырда кітап оқу мәдениетінің төмендеп кеткені туралы жиі айтылатыны рас. Алайда биыл облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жаңсақ пікірді жоққа шығарғандай. Өйткені, жоба аясында жастар арасында кітапқа деген ықылас пен қызығушылықтың жоғары екені дәлелденіп отыр.

Жоба басталғалы қаңтар-мамыр айлары аралығында облыс бойынша 70 000-нан астам адамның қатысуымен 2 000 нан астам іс-шара өткізілген. Жоба аясында облыстық «Кітапханашылар альянсы» құрылып, түрлі бастамаларды үйлестіруге атсалысып жатыр. «Көшпелі кітап бұрышы» жобасы шеңберінде шалғай елдімекендердің кітапханаларына жаңа кітаптар жеткізілуде.

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, 2025 жылға жоспарланған іс-шаралардың барлығы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасымен байланысты. Бүгінге дейін облыстық кітапханада 27 іс-шара өтіп, оған 26 651 адам қатысыпты.

Сондай-ақ облыс кітапханаларында 47 ұзақмерзімді мақсатты кітапханалық бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Сол секілді өңірдегі мемлекеттік кітапханалар жанынан құрылған әуесқой бірлестіктер мен клубтардың саны 183-ке жеткен. Бұл клубтар түрлі қызығушылыққа бағытталған үйірмелер мен шығармашылық топтардан тұрады.

Кітапханалардың инновациялық бағыттағы жұмыстарымен жете танысу және кәсіби білімді жетілдіру мақсатында аудандық және ауылдық кітапхана мамандарына арналған «Комплектатор», «Библиография» сынды шеберлік сыныптары мен тренингтер жүйелі түрде өткізілуде. Сонымен қатар «Болашаққа қадам: жасанды интеллект және цифрлы экономика жағдайындағы кітапхана» атты облыстық форсайт сессиясы Мойынқұм аудандық орталық кітапханасының базасында өтеді деп күтілуде.

Одан бөлек жоба шеңберінде2025 жылдың қазан айында «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауын өткізу жоспарланған. Бұл байқаудың басты мақсаты – ауыл кітапханаларының ауыл тұрғындарына бүгінгі күн талаптарына сай қызмет көрсету деңгейін, ұйымдастыру біліктілігі мен кәсіби шеберлігін анықтау. Сонымен қатар, заманауи дизайнмен жабдықталып, белсенді жұмыс жүргізуге барлық мүмкіндігі бар орталықтарға айналған ауыл кітапханаларын айқындау көзделіп отыр.

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасындаБрайль әдісі бойынша өткізілген арнайы оқу сағаттары мен поэзия кештері де ерекше бағалануға лайық. Бұл іс-шара әлеуметтік инклюзия бағытымен үйлесімді жүзеге асты. Жоба аясында аталған кітапханада «Kitap Time» оқырман клубы өз жұмысын бастағанын айта кеткен жөн.

Мұндай іс-шаралар жастарға жергілікті әдебиетке және кең цифрлық әлемге жақындауға мүмкіндік береді. Өздерін журналистика, филология, тарих саласында қалыптастырып келе жатқан студенттер үшін мұның барлығы маңызды тәжірибе әрі шабыт көзі.

Жастар арасында да әдебиетке қызығушылық жоғары, тек оны дұрыс арнаға бұрып, тұрақты орта қалыптастыру маңызды. Біз бұған Тараз қаласындағы бірнеше жастан кітапқа деген қызығушылығы жайында сұрағанда көз жеткізе түстік.

Ал мектеп оқушысы Еркежан Оразбай мотивациялық және психологиялық әдебиеттерге көбірек қызығатынын айтты.

Ал Фатима Файзулла әдебиетке кәсіби тұрғыда қарайды. Болашақ журналист үшін бұл – сөз байлығын дамытудың жолы.

Бүгінгі жастар – жан-жақты. Бірі әлем әдебиетін парақтаса, бірі психология мен философияға ден қойған. Қазақ әдебиетіне деген ықылас та жоғалған емес. Мұның бәрі – өскелең ұрпақтың рухани ізденісінің, мәдени өсуінің айғағы.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы тек бір жылмен шектелетін науқан емес, ол – ұзақ мерзімді мақсатты қозғалыс. Жас буынның бойына әдеби талғам мен оқырмандық мәдениет қалыптастыру – ертеңгі зиялы ұлттың кепілі.

Маржан ӨМІРБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
универститетінің 1-курс студенті