Жастар

Жастарға арналған жарқын жоба

The final spritzer

Кітап оқу – адамның рухани кемелденуі мен зияткерлік тұрғыдан өсуінің тірегі. Кітап оқу арқылы жеке тұлға жаңа ақпаратпен сусындап, ой-өрісін кеңейтіп, айналасындағы әлемді тереңірек ұғынады. Сондай-ақ кітап оқу тіл байлығын арттырып, ойлау жүйесін дамытып, сараптай білу қабілетін жетілдіреді. Осы орайда Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығында қолға алынған «Кітап ал, кітап сыйла» жобасы бүгінде қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Жоба аясында жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітап алмасу мәдениетін қалыптастыру мақсат етілген. Қазіргі таңда жоба аясында орталықта түрлі іс-шара ұйымдастырылып, көптеген оқырманның қолдауына, қызығушылығына ие болуда.

Жобаның алғашқы қадамы ретінде жастардан құралған арнайы клуб құрылыпты. Бұл клубтың мақсаты – жастарды бір ортаға біріктіру.

Білімге ұмтылу – жас ұрпақтың жарқын болашағының негізі. Жеке даму, жаңа қабілеттерді меңгеру мен тұлғалық қалыптасу көбіне білім мен кітап арқылы жүзеге асады. Сол себепті жастардың білімге деген қызығушылығын ояту үшін түрлі оқу жобалар тиімді жүзеге асырылуда.

Кітап – адамзаттың сан ғасырлық даналығы мен үздіксіз ізденісінің нәтижесінде қалыптасқан рухани қазына. Ол – өткеннің тарихы, өмірдің тәлімі мен тағылымын бойына сіңірген алтын қор. Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі де осыны меңзейді. Расында кітапты дұрыс таңдап, оның мазмұнын зейінмен оқып, ішкі мағынасын терең түсіне білу – үлкен парасат пен танымның көрінісі. Ондағы ой мен тұжырымды жүрекпен қабылдап, оны өмірде орынды қолдана білу – әр адамның интеллектуалдық және рухани дамуына жол ашатын маңызды алғы шарт.

Сымбат ҚУАНЫШ