Жасөспірім тәрбиесіне алдымен ата-ана жауапты
Бала үшін ең ұлы ұстаз – ата-ана. Сондықтан «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Баланың алған тәлім-тәрбиесі ата-ананың берген үлгі-өнегесіне тікелей байланысты екенін осыдан-ақ ұғуға болады. Енді ғана етек-жеңін жинап, өмірге жаңа бейімделіп келе жатқан жасөспірімдерді теріс әрекеттерден қорғау үлкендердің міндеті.
Облыс бойынша жасөспірімдер тарапынан жасалатын заңбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Мәселен 2025 жылдың алғашқы 5 айында өткізілген 1456 бірлескен рейдтің 922-сі мектеп маңында ұйымдастырылған.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауға бейімделуі мүмкін. Бірі қылмысқа тұрмыстық жоқшылық салдарынан барса, енді бірі жасөспірімдерге қосылып, өзінің қалай қылмыс жасап қойғанын байқамай да қалады. Енді бірі тіпті еркінен тыс қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін қашан да ата-аналар жауапты болуы шарт. Сол себептен баланы кеш қарайғанда достарымен серуендеуге жалғыз-жарым жіберу өте қауіпті.
Расында ата-ана баланың тұлғасын қалыптастыруда оның бос уақытын қадағалап, немен айналысып жүргенін біліп отырғаны дұрыс. Кіммен араласады, ортасы қандай, достары кім екенін де сұрап алғаны, тіпті қажет болса танысқаны абзал. Одан бөлек қызығушылықтарын бақылауы һәм қажет болса қолдағаны бүгіні үшін де, әрі болашағы үшін де өте тиімді екенін ұмытпаған жөн.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ