Таласта толайым тірлік көп
Уақыт көшінен қалмай, заман ағымымен ырғақты дамып келе жатқан ауданның бірі – Талас ауданы. Қойнауына қазына жасырған қарт Қаратаудың етегінде орналасқан ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүгінде біршама жақсарып, жұртшылықтың тұрмысы түзеліп келеді.
ӨНДІРІС ӨРІСІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Талас ауданында жылдың 4 айында 12,9 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 105,6 пайызға орындалыпты. Былтыр 11,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген екен. Тарқата айтсақ, кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібі 3,1 миллиард теңгеге, өңдеу өнеркәсібі – 8,5 миллиард, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау – 1,3 миллиард теңге, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі 70,2 миллион теңге тең болған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 11,3 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 234,9 пайызды құрапты.
Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1,4 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 90,7 пайызды көрсеткен.
АСЫРАУШЫ САЛАНЫҢ АДЫМЫ КЕҢ
Биыл 1516,1 тонна тыңайтқыш алу жоспарланыпты. Бүгінгі таңда 694 тонна тыңайтқыш алынған екен. Қалған тыңайтқыш күздік егіс-дала жұмыстары кезінде алынып, қолданылмақ. Барлық егістік жер 22 359 гектар болса, оның ішінде 12 667 гектар суармалы жердің 9 692 гектары жер телімі көрінеді. Негізінде осы суармалы жердің ауылшаруашылық мақсатындағысы 11 590 гектарды құраса, қалғаны үй іргесіндегі жерлер. Бүгінгі таңда 2025 жылдың өнімі үшін барлығы 12 145 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылыпты. Оның ішінде күздік бидай 4 500 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4125 гектарды құраған.
Көктем айларында 3 520 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 1 050 гектарға жаздық арпа, 635 гектарға мақсары, 10 гектарға күнбағыс, 100 гектарға картоп, 275 гектарға бақша, 165 гектарға көкөніс, 25 гектарға пияз, 85 гектарға қызылша, 910 гектарға көпжылдық шөп және 265 гектарға жүгері себіліп, көктемгі дала жұмыстары толығымен аяқталған. Аудандағы 812 ауылшаруашылық техникасының жетеуі астық комбайны, 323-і трактор, 482-сі қосалқы агрегаттар. Осы жылға 56 ауылшаруашылық техникасын жаңадан сатып алу жоспарланып, 4 айда 108,1 миллион теңгеге 3 трактор және 5 басқа да агрегаттар сатып алыныпты. Көктемгі дала жұмыстарына 433 ауылшаруашылық техникасы тартылған. Нақты айтқанда, осы шаруаларды сәтімен атқаруға 323 трактор, 72 соқа, 20 дәнсепкіш, 17 қопсытқыш, 1 дән улағыш жұмылдырылған.
Биыл 519 гектар егістік алқабына тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісі және лазерлі тегістеуіш қолданылған. Оның ішінде «Зерхат» шаруа қожалығы – 190 гектар, «Рәтбек» – 35, «Нұрдаулет» – 100, «Демеш» – 55, «Мирас» шаруа қожалығы 10 гектарды заманауи әдіс-тәсілмен суаратын болса, барлығы 129 гектарға лазерлі жер тегістеу жұмыстары жүргізіліп, су үнемдеу мен егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасалыпты.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден жалпы сомасы 341,6 миллион теңгені құрайтын 48 жоба жинақталып, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылған. Нәтижесінде 197,4 миллион теңгеге бағаланған 29 жоба қолдау тауып, қаржыландыруы жүзеге асырылыпты. Қалған жобалар 2025 жылдың шілде айынан бастап кезең-кезеңімен қаржыландырылмақ. Салалар бойынша нақтылай кетсек, ауылшаруашылық саласында жалпы 5 жоба мақұлданыпты. Оның ішінде 4 жылыжай мен 1 балық шаруашылығы жобасына 33,5 миллион теңге бөлінген. Тамақ өнеркәсібі саласында 13 жоба іске асырылуда. Оларға 95,8 миллион теңге бағытталыпты. Бұл ретте 5 наубайхананы, бір-бірден кондитерлік өнімдер цехы, кофе ішетін орын, ұлттық сусын өндіру жобасы, жайма өндірісі мен 4 қоғамдық тамақтану орнын қажетті құрал-жабдықтармен қамту көзделген. Құрылыс материалдарын шығару саласында жалпы 7 жоба қаржыландырылған екен. Оның ішінде 2 кірпіш зауыты мен темір өңдеу, дәнекерлеу цехы және 3 жиһаз өндірісі цехына 46,8 миллион теңге бөлінген. Қызмет көрсету саласында 23 жоба қолдау тауыпты. Атап айтқанда, 2 техника жөндеу орталығы, 6 тігін цехы, 4 медициналық, 2 мультимедиялық оқу орталығы, спорттық тренажер залы, компьютерлік қызмет көрсету нүктесі, баспа қызметі, садақ ату клубы, жабдықтар жалға беру орны, жөндеу шеберханасы, күзет агенттігі, балабақша және дауыс жазу студиясы жобаларының жалпы сомасы 165,5 миллион теңгені құраған.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТОЛЫҚ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ
Қазіргі таңда аудан аумағындағы 23 елді мекеннің ішінде 20 елді мекен, яғни 19 104 тұрғын немесе 96,8 пайызға жуық халық орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Осы жылы Қожағаппар ауылында су құбырының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, халық игілігіне берілген көрінеді. Бұл жұмысты мердігер «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Сол сияқты Сейілбек елді мекенінде де су құбырының құрылысы толық аяқталып, жергілікті тұрғындар сапалы ауызсумен қауышқан. Бұл нысанды «Пырақ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сәтті жүзеге асырды. Қараой ауылында су құбырының құрылысы жалғасуда. Бұл мақсатқа 267,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жақын арада аяқталып, ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Мердігер – «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтау мәселесі де шешімін табуда. Бұл елді мекендерге кері осмос технологиясы қолданылған модульдік кешенді блоктар орналастыруға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары былтыр басталғанымен оның аяқталуы 2024 жылдан кейінгі кезеңге жоспарланған болатын. Қаратау қаласындағы Флора саяжайын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 50 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысанды да «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Аталған жоба да 2024 жылдан өтпелі. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі аудан бойынша тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесі назарда тұрғанының жемісі болса керек.
ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРУДА
Жол – экономиканың күретамыры. Әсіресе, аудан тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасы жолдардың жай-күйіне тікелей байланысты. Осы орайда биыл аудан аумағындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары ауқымды қарқын алып отыр. Аудан көлемінде жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар болса, оның ішінде 394,1 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар санатында. Ал 193,49 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. 2024 жылы елді мекендердің ішкі жолдарын, яғни қала мен ауыл көшелерін орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 868,1 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қаратау қаласының ішкі көшелерін жаңғыртуға биыл ерекше назар аударылып отырса керек. Оған осы моноқаладағы 10 көшені орташа жөндеуден өткізу жұмысы қолға алынуы дәлел. Атап айтқанда, жөндеуден өтетін көшелер қатарында Ш.Өмірзақұлы, Есейхан, К.Берікбайұлы, Геолог, Қ.Сүгірбаев, Ғ.Мұратбаев, Ш.Смаханұлы, Н.Ақынбекұлы, Ә.Жангелдин, Ә.Момбеков көшелері бар. Аталған көшелерді жөндеуге аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп, «Тараз Көлік Жолы» ЖШС мердігер мекеме ретінде анықталыпты. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталған.
Ауыл көшелерінің жайын сөз етер болсақ, Бөлтірік шешен, Майтөбе, Көктал, Қызыләуіт, Есейхан, Тамабек ауылдарындағы 14 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 538,5 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі таңда 13 көшені жөндеуден өткізу үшін мердігер ретінде жоғарыда аты аталған «Тараз Көлік Жолы» серіктестігі тиісті жұмыстарды қолға алған. Ал Бөлтірік шешен ауылындағы бір көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің жолдарын қайта жаңғырту бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 1 миллиард 133 миллион теңге болатын бұл жоба 2024 жылдан өтпелі нысан ретінде тіркелген. Аталған көшелерді жөндеуге 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттерден 696,4 миллион теңге бөлініпті. Қорыта айтқанда, аудан жолдарын жөндеуге биыл айрықша көңіл бөлінген. Аудан әкімі жоспарланған жұмыстар толығымен орындалса, өңірдегі жол инфрақұрылымының сапасы едәуір жақсарады деп отыр.
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытында бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында аудан бойынша 1 133 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Осылайша халықты жұмыспен қамтудың жылдық жоспарының 35 пайызы орындалған екен. Тарқата айтар болсақ, 296 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 81 адам «Жастар тәжірибес» бойынша түрлі мекемеге жолдама алыпты. Сол секілді әлеуметтік жұмыс орындарына – 43, ақылы қоғамдық жұмыстарға 485 тұрғын жіберілген, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 2 адам қамтылса, «Күміс жас» жобасы бойынша 97 азамат жұмысқа тартылған екен. Бір айта кетерлігі, жоспарда 60 адам көрсетілгенімен, әзірге кәсіптік оқыту курстарына ешкім жіберілмеген. 20 жұмыссызды жұмыс орнында кәсіптік оқыту қажет болғанымен, бұл шаруа да алдағы уақытта қолға алынбақ. Онлайн оқыту курстарынан әзірге 96 таластық өтсе, 33 тұрғын «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытылған.
Осы жылы әлеуметтік көмек түрлерін төлеуге 483,6 миллион теңге қаржы қойылыпты. Оның ішінде төрт айда 67 миллион теңгесі нақты тағайындалып, тұрғындарға төленген екен. Атаулы әлеуметтік көмекке 38,1 миллион теңге бөлініп, 845 адамнан тұратын 161 отбасыға көмек алған. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 4,2 миллион теңге бөлініп, 126 отбасыдағы 248 балаға берілген. Тұрғын үй көмегі 9 отбасындағы 32 азаматқа 0,2 миллион теңге көлемінде көрсетіліпті. 235 адам 24,5 миллион теңгенің біржолғы әлеуметтік көмегін алған. Отын сатып алуға ауылдық жерлердегі әлеуметтік салада қызмет ететін 1700 маманға 33,4 миллион теңге қаралған.
Ауылдық жерлерді жас мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы да биыл өз жалғасын табуда. Осы жылы бағдарлама аясында 45 маманға көтерме жәрдемақы ретінде 17,694 миллион теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін 10 маманға 78,640 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса керек. Бүгінгі күнге дейін 15 маманға жалпы көлемі 5 миллион 898 мың теңге көтерме жәрдемақы төленген екен. Әрбір маманға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 393 200 теңгеден үлестіріліпті. Жәрдемақы алғандардың ішінде 9-ы білім беру саласының маманы болса, үшеуі мемлекеттік қызметкер, екеуі денсаулық сақтау, біреуі спорт саласының маманы.
Біз сөз еткен ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың реті осындай. Әсіресе мұнда еңбекке қабілетті халықтың жұмыссыз қалмауына баса назар аударылуда. Сондықтан түрлі мемлекеттік бағдарламаларға халықтың қатысуы қамтамасыз етілуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ