Жастар

Жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Қордай ауданында жастар саясаты жүйелі жүзеге асырылуда. Бүгінде Қордай ауданында тұратын 159 мыңнан астам тұрғынның үштен бірі, яғни 49 500-і жастар. Оның ішінде 12 411-і аудан орталығында, қалған 37 мыңнан астамы ауылдық елді мекендерде тұрмыс кешуде.

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айқаныш Исраилованың айтуынша, жыл басынан бері орталық тарапынан 1 000-нан аса іс-шара ұйымдастырылып, оларға 29 мыңнан астам жас қамтылған.

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін ауданда жыл басынан бері 5 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 3 ақпараттық алаң өткізіліпті. Нәтижесінде 425 жас жұмыспен қамтылып, оның ішінде 291-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ 80 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 80 жас мемлекеттік органдарға жіберілген. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 46 жас тәжірибе жинаса, оның үшеуі тұрақты жұмысқа қабылданыпты. Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан 19 жас «Бастау бизнес» жобасы аясында оқудан өтсе, 12 жас онлайн курстардан білім алған. Дегенмен, қайтарымсыз грант алған жастар әзірге тіркелмеген.

Бұдан бөлек «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 7 жас маман көтерме жәрдемақыға қол жеткізіпті. Алайда тұрғын үй несиесіне кезекте тұрған жас маман тіркелмеген. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 220 жасқа 21,2 миллион теңге қаржы бөлініп, мамыр айында 82 жас жұмысқа тартылса, қалған 138 жас алдағы маусым-шілде айлары аралығында жұмысқа жіберіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 190 іс-шара өткізіліп, лудомания, буллинг, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да кездесулер мен рейдтер жиі ұйымдастырылып тұрады.

Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті