Саясат

Ел дамуының негізі

Ел дамуының саяси моделін қайта құру бойынша сындарлы қадамдар жасалды. Жаңа Қазақстан құру міндеті күн тәртібіне шығып, мемлекеттік мүдде басты орынға ығысты. Сөзден іске көшетін кез келіп, орнықты даму жолына түстік. Бұл ретте күшті Президенті, ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшу міндеті қолға алынды. Бұл сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан табысты жүзеге асыруға жол ашты.

Жалпы елімізде президенттік басқарудың қалыптасуы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және ұлтаралық дағдарыспен қатар келді. Осы қиын жағдайда президенттік басқару еліміздің егемендігі мен мемлекеттік басқару жүйесін нығайтудың негізгі бағыттарын анықтауға мұрындық болды.

1990 жылдың 24 сәуірінде президент лауазымы бекітіліп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-ның Президентін сайлады. 1990 жылғы 25 қазандағы қабылданған егемендік декларациясы биліктің үш тармағын заңдастырғанына қарамастан, 1993 жылғы бірінші Конституцияға дейін президенттік басқару нысаны кеңестік басқару жүйесінің элементтерімен қатар жүргізілді. Сол бір өтпелі кезеңде күшті мемлекеттік билік құру мәселесі өзекті болып қала берді.

Сөйтіп, республика президентінің өз өкiлеттiгiн тиiмдi және дербес жүзеге асыруы және президенттiк басқару нысанын одан әрi нығайту үшiн президенттiк билiктi жанама түрде өкiлдi орган арқылы емес, бүкілхалықтық сайлау арқылы заңдастырудың объективті қажеттілігі туындады.

1991 жылғы 1 желтоқсанда қазақ халқы тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлауда өз президентін сайлап, президенттік басқарудың негізі қаланып, оның дамуында жаңа кезең басталды.

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақстан Республикасының Конституциясы президенттік билікті нығайту үрдісін дәйекті түде жалғастырып, Қазақстан Республикасының президенті атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқаратынын белгіледі.

1995 жылғы Конституцияның қабылдануы Қазақстан халқының демократиялық қоғам құру жолын таңдаумен бірге елді басқарудың үлгісі ретінде президенттік билікті түпкілікті қолдайтындығын көрсетіп берді.

Сол кезеңдегі таңдаған жол демократиялық мемлекет қалыптастырудың қажеттілігі, президенттік республика құрудың дұрыстығы мен тиімділігіне назар аударуды талап етті.

Құқықтық мемлекетке бет алған жағдайда биліктің үш тармағы, Парламент пен Үкімет және Жоғарғы Сот билігі тепе-теңдікті сақтай отырып, күшті және өз қызметтерін жүзеге асыра алатындай жағдайда болуы қажет еді. Алайда, заң шығарушы орган Парламент, атқарушы билік Үкімет және Жоғарғы сот билігін байланыстырушы буын тек Президент қана бола алатындығы күмән келтіруге болмайтын заңдылық ретінде мойындалды. Уақыт өте келе бұл суперпрезиденттік басқару жүйесіне ұласты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының саяси моделін қайта құру бойынша жаңа қадамдар жасау керектігін баса айтты. Суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы, мұндай жүйе елдің дамуына ықпал ететіндігін атап көрсетті. Ол үшін Парламенттің рөлін күшейту міндетін алға қойды.

Өз сөзінде ел Президенті Қазақстанда суперпрезиденттік басқару нысаны еліміздің бастапқы кезеңінде орынды да болғанын айтып: «Тек бастапқы кезеңде ғана емес, 30 жыл бойы белгілі бір деңгейде орынды болды. Бірақ біз бір орында тұрмаймыз. Қоғам өзгеруде, ел өзгеруде. Оған біздің саяси жүйеміз де бейімделуге тиіс. Қазір бәрі Президентке келіп тіреледі, бұл дұрыс емес. Мұндай тәжірибеден біртіндеп кету керек. Мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделері мен үшін биліктің қосымша тетіктерінен және ситуациялық ықпалдан да маңыздырақ» деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысы еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Бастамалар жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Халық тәуекелге бел буып, бірден іске кірісті. Елде конституциялық реформа жасалды. Бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Ата Заңға ауқымды өзгерістер енгізілді. Ата Заңға енетін өзгерістерді халық өзі қабылдады. Жаңа өзгеріс, жаңа кезең басталды. Бұл Әділетті Қазақстанның құрылысы аясында мемлекеттіліктің институционалдық негіздерін жаңартуға әкелді.

Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Бұл реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді.

Жасыратыны жоқ «елдің саяси-әлеуметтік жүйесіне өзгеріс қажет» деген пікірді екінің бірі айтады. Бірақ, сөз «оны неден бастау керек, қалай жүзеге асырылады?» дегенге келгенде тәп-тәуір көтерілген мәселе бастапқы бағдарын таппай, бос даурығудың бірі болып қалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетінші шақырылған Парламент депутаттарының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде көптің көкейінде жүрген көп сауалға нақты жауап берді. Ол өз сөзінде бірінші кезекте Қазақстан халқы Парламенттің жаңа құрамына орасан зор үміт артып отырғандығын айтып өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өкілетті органның заң шығарушылық қызметімен қатар бақылау қызметі де бар екендігін де еске салды. Осы құзіреттілікті тиімді пайдалану қазіргі заманғы қазақстандық парламентаризмнің институционалдық негіздерін едәуір дәрежеде нығайта түсері даусыз.

Әсіресе, Парламенттің ел өмірінде алатын орны мен маңызын арттыруға баса көңіл бөліп отырғаны – соның көрінісі. «Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек», дей келе Мемлекет басшысы Парламенттің алдында тұрған маңызды екі міндет туралы айтып өтті. Олар – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен маңызды мәселелердің тағы бірі – партиялардың Мәжіліске өту шегін төмендету. Егер саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендетілсе, заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандыратыны сөзсіз. Мемлекет басшысының сайлауға қатысты: «Шын мәнінде баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн» деген сөзі болды.

Бұл жағдай сөз жоқ, саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейте түсті және олардың белсенділіктерін арттыруға итермеледі. Президент тоқталып өткен келесі бір өзекті мәселе – жастар саясаты еді. Мемлекет басшысының: «Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады» деп атап көрсетуі алдағы уақытта бұл бағытта едәуір қозғалыс болатынын байқатады. Иә, шынында да жастарға жүйелі түрде жүргізілетін және оң нәтижелерге бағытталған мемлекеттік саясат қажет ететіндігі даусыз. Өскелең ұрпақ қабылданған осындай шаралардың нәтижесінде батыл шешім қабылдауды үйренеді. Ертеңге деген сенімі артады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Парламент рөлінің күшеюінен қорқудың қажеті жоқ екендігін айтты.

Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтары түгел жаңғыртылды. Халықтың да көптен күткені осы еді.

Конституциялық өзгерістерге сәйкес елде Президент сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстан мемлекетінің жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті.

Қазақстан Республикасының Парламентін сайлау нәтижесінің қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналып келе жатқандығын және сол жолға маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті.

Осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткізілді. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды.

Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты.

Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Жастар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Осы ретте, сайлау кезінде жас кандидаттар да бірігіп, өз тобын құрды. Бірқатар белсенді жастар Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келді. Бұл жастарымыз үшін елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік болды.

Сондай-ақ әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды. Саяси реформа, саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын айқын аңғартты.

Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз осы болса керек. Елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтті. Алдағы уақытта еліміздегі барлық аудандағы бос аудан әкімдерінің орнына сайлу өтіп, аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын» деген еді.

Мемлекетіміздің дамуына барынша ықпал ететін елімізде қолға алынған ірі ұлттық жобалар уақытылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Ендігі кезекте осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға өзінің септігін тигізері анық.

Реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Осылайша жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.

Сондай-ақ, Президент Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы екендігін айтқан. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет тұжырымдамасына сай келеді.

Үкімет ел дамуына бағытталған әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тарту керектігін айтқан Мемлекет басшысы саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынған болатын. Нәтижесінде өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады. Министрлер өз ұстанымын Парламент алдында қорғайды. Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіретін болады. Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады.

Қазір уақытта Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек. Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық. Парламент жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытуда. Парламенттегі талқыланып жатқан кейбір маңызды мәселелер телеарна арқылы да көрсетілуде.  

Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстарды айта келіп «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігі дәлелденген деп есептейді.

Қазақстан Республикасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында суперпрезиденттіктен бас тарту және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындауды ұсынғанда, «бұл формула еліміздің саяси өмірін қаншалықты өзгерте алады?» деген сұраққа сарапшылардың да пікірі оң болды және өте маңызы екенін айтып жатты.

Мәселен, бір сарапшының пікіріне сүйенсек былай дейді: Осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Рим империясын алайық. Ол бес жақсы императордың арқасында өте күшті империя болды. Бірақ алтыншы император Коммод өте жаман басшы болғандықтан, Рим империясы құлады. Суперпрезиденттік республика егер Президент өте жақсы басшы болса – өте маңызды, пайдалы жүйе. Ал билікке жаман адам келсе, өте қауіпті нәрсеге айналады. Сондықтан бізге суперпрезиденттік республика керек емес. Күшті президентік республика, ықпалды парламент болуы керек. Бұл болашақта өте маңызды дейді.

Тағы бір сарапшы: Бірнеше тарихи мысал бар. Франциядағы XIV Людовик немесе Ресейдегі І Петр, Германиядағы Отто фон Бисмарк ұлтқа өте пайдалы басшы болды. Ал Сталин, Гитлер, Пол Пот немесе басқалар жаман басшы болып, халқына өте көп зиян шектірді. Сондықтан суперпрезиденттік республика өте қауіпті дейді.

Олай болса, ел дамуы үшін Мемлекет басшысы аса маңызды сәтте ұсынған саяси жаңғыру бағдарламасының арқасында және қолға алған ауқымды шаралардың нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Еліміз басқару жүйесі – есеп беретін Үкіметі, ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елді азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру жұмыстары басталды. Ендігі мақсат – осындай табыстарды еселеп, жаңа белестерді бағындыра беру.

Ендеше, елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты деп айтуға толық негіз бар.

Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегіне айналды.

Асан ТІЛЕМІСОВ