Әке даналығы – мың жылдық азық
Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен «Менің әкем» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Республиканың барлық өңірінен 2 мыңға жуық оқушы қатысқан байқау жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Салтанатты кеште Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, оқу ордасы жүзеге асырып жатқан «Ұждан» ағартушылық-танымдық жобасымен таныстырды. Бұл жоба – қоғамдағы әке рөлін көтеруді, ұлттық тәрбиені күшейтуді мақсат ететін маңызды мәдени бастама. «Менің әкем» байқауы осы жобаның ең ауқымды республикалық форматы ретінде ұйымдастырылған.
Естеріңізде болса, 2024 жылы «Меркі – Шу – Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автожолында қызмет атқару барысында жол апаты салдарынан облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев және инспектор, полиция аға лейтенанты Абылайхан Саутұлы қаза бопқан болатын. 11 баланың әкесі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы әрі «Мерейлі отбасы» байқауының финалисі болған Ғалым Қазыбекұлының жұмыс барысындағы өнімді еңбегі ғана емес, адамгершілік болмысы да көпке үлгі еді.
«Менің әкем» шығармашылық байқауында Ғалымдай жақсы әкенің тәрбиесін көріп, тағылымын алған Нұрболат Қазыбек те үздіктер қатарынан көрініп, жүлдеге ие болды.
Марапаттау салтанатында жүлдегелерлерге дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Шығармалары үздік деп танылған оқушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин және Дидахмет Әшімхан атындағы арнайы номинациялармен мапарапатталды. Барлық жүлдегерлер мен олардың жетекшілеріне Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары мен алғыс хаттары берілді. Байқауға қатысып, жүлдеден тыс қалған 100 оқушыға да естелік сыйлықтар ұсынылды. Оларға елімізге танымал ақын-жазушылардың, Мәжіліс депутаттарының тілегі жазылған, қолтаңбасы қойылған кітап табысталды.
Сымбат ҚУАНЫШ