Тұрғындардың 94 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында алдымен «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Гаухар Дәулетқұлова ауызсу есептегіш құралдарын орнату жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Гаухар Мырзабекқызының мәліметі бойынша, бүгінде шаһар тұрғындарының 94 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Жерасты суларын көтеру үшін 93 артезиан ұңғымасы пайдаланылуда. Су тұтынуды есепке алу тиімділігін арттыру, сондай-ақ мониторинг процестерін автоматтандыру мақсатында «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны есептеу құралынан деректерді орталықтандырылған жинау мен өңдеудің заманауи жүйесі енгізілген.
Келесі кезекте 2025 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің болжамды орындалуы, шаһардың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері, Тараз қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму картасы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, білім мекемелеріндегі жапсарлас құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстары, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін автобус аялдамаларының қолжетімділігі, көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы секілді маңызды мәселелер қаралды.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселе бойынша сала басшыларынан жауап алып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы