Денсаулық

Донор бол, өзгеге өмір сыйла!

14 маусым – Дүниежүзілік донор күні облыстық қан орталығында ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Іс-шара барысында адам өмірін сақтауға үлес қосып жүрген еріктілер мен ақысыз донорларға құрмет көрсетілді.

Облысымызда донорлықты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстық қан орталығы тұрақты түрде жылжымалы қан тапсыру акцияларын ұйымдастырып, шалғай аудандар мен ауылдарға барып, халықтың қолжетімділігін арттырып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелермен, жоғары оқу орындарымен, әскери бөлімдермен және кәсіпорындармен бірлесе отырып жоспарлы қан тапсыру күндері өткізіліп тұрады.

Жиын барасында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай сөз алып, осы салада белсенді еңбек етіп жүрген ақ халаттыларға, донорларға алғысын білдірді.

Ән-күймен әрленген кеш барысында тұрақты түрде қан тапсырып тұратын донорлар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің алғыс хатымен марапатталды.

Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының алғыс хаты тромбоцит қан донорлығын дамытуға үлкен үлес қосып келе жатқан жеке кәсіпкер Бауыржан Данаевқа табысталды. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың алғыс хатын «Аса Даму» құс фабрикасының қызметкері Данияр Шүкірбаев, №6 қалалық емхананың бухгалтері Нуридин Батырханулы, жеке кәсіпкер Маралбек Сеилханов иеленді. Сондай-ақ тұрақты және ерікті һәм өтеусіз қан тапсырудағы донорлық белсенділігі үшін тағы да біршама азамат алғысқа бөленді.

Донорлық іс көмек көрсету мен адам өмірін сақтап қалудың символы болғандықтан қан бір адамның басқа адамға бере алатын ең бағалы құндылығының бірі болып есептеледі. Қан тапсыру арқылы адам өзгеге көмек көрсететіні аян.

Расында да қан доноры болу – бұл жанашырлықпен қатар азаматтық жауапкершілік. Әр тамшы қан арқылы біреуге үміт, тағы біреуге өмір және жаңа мүмкіндік сыйлауға болады. Демек, донор болу – өзгеге өмір сыйлау деген сөз. Ендеше, өзгеге өмір сыйлауға кез келгеніміздің мүмкіндігіміз бар.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ