Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ міндет
Жақында облыстық прокуратура жанындағы үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған жиынға құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен қатар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, еріктілер мен түрлі сала мамандары қатысты.
Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев арнайы қатысып, қоғамның қауіпсіз дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға шақырды.
Кеңесте сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров қылмыспен күрестің тиімділігі тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, азаматтық қоғам институттарының белсенділігі мен тұрғындардың қатысуына да тікелей байланысты екенін атап өтті. Прокурордың айтуынша, үйлестірілген және жүйелі әрекет қылмыс көрсеткішін төмендетуге ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, жүйелі жұмыстың нәтижесінде қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар – 20 пайызға, көшедегі қылмыстар – 18,7, ұрлық – 27,3, тонау – 58,6, бұзақылық – 8,8, бопсалау – 42,9, мас күйінде жасалған қылмыстар – 5,7, топпен жасалған қылмыстар – 17,7, ал жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар 42,1 пайызға азайған.
Сондай-ақ, отырыс барысында прокуратура тарапынан қолға алынған «Қоғаммен байланыс», «Қауіпсіз балалық шақ», «Komek Stop Bullying Jambyl» және «Есірткісіз болашақ» сынды жобалардың аралық нәтижелері таныстырылды. Мәселен, «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында прокурорлар 100-ден астам көшпелі қабылдау өткізіп, 10 мыңнан астам тұрғынды қамтыған. Нәтижесінде 100 мыңға жуық азаматтың мәселесі шешімін тапқан.
Облыс прокуроры өңірдің 32 ауылында алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Бұл шешім ауылдық елді мекендердегі құқықбұзушылықтар санының айтарлықтай төмендеуіне әсер еткен.
Кеңес қорытындысында Нұрғалым Әбдіров жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-алаяқтықпен және есірткі қылмыстарымен күресті күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында қоғамдық тәртіпті нығайтуға белсенді атсалысқан құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, еріктілер, БАҚ өкілдері, мұғалімдер, спортшылар мен қарапайым тұрғындар облыс прокурорының алғыс хатымен марапатталды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ