Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды
Франция астанасы Парижде қазақ музыкасының біртуар тұлғасы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған "Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы" атты халықаралық көрме ашылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, қазақ музыкасының көрнекті өкілі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.
ЮНЕСКО аясында аталып өткен бұл маңызды шара – композитордың қазақ мәдениетіне ғана емес, жалпы адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесінің мойындалуы. Көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Тілендиевтің партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары және Ахмет Жұбанов сыйға тартқан әйгілі «Дариға домбырасы» бар.
Көрме алты тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда композитордың шығармашылығы мен өмір жолы жан-жақты қамтылып, қазақ музыкасының терең тамыры мен рухани кеңдігі кеңінен таныстырылады.
Ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, халықаралық ұйым өкілдері, Франция жұртшылығы мен қазақ диаспорасы қатысты. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов бұл көрмені — түркі дүниесінің ортақ мұрасын әлемге танытатын маңызды жоба ретінде атап өтті.
Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атсалысты.
Нұрғиса Тілендиевтің еңбектері біртұтас ұлттың мәдени мұрасына айналды. Ол 500-ден астам музыкалық туындыны дүниеге әкелген, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. Ол Құрманғазы оркестрін басқарған, Абай атындағы театрда еңбек еткен және «Отырар сазы» оркестрін құрған.
Айта кетейік, көрме ЮНЕСКО ғимаратында 19 маусымға дейін жалғасады.