Қазақстанда жаңа лизинг бағдарламасы іске қосылды
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ өз қаражаты есебінен жаңа лизинг бағдарламасын нарыққа шығарды, деп хабарлайды arainfo.kz
Ауыл шаруашылығы минитрлігінің мәлімдеуінше, бағдарлама қажеттіліктері қолданыстағы жеңілдетілген бағдарламалардан асып түсетін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағытталған. Жаңа өнім шаруаларға қазір қолжетімді.
Бағдарлама «Бәйтерек» Холдингінің еншілес компанияларды қаржыландыру бағдарламалары бойынша мөлшерлемелерді біріздендіру жөніндегі жаңа стратегиясының шеңберінде әзірленді және жылдық 12,6% мөлшерлемені, 10 жылға дейінгі лизинг мерзімін және 15%-дан басталатын авансты көздейді. Қаржыландыру тек компанияның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады, бұл өнімді ағымдағы сұраныс жағдайында ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстарға өте икемді етпек.
Осылайша, бағдарлама шеңберінде 2025 жылы АӨК субъектілерінің кең ауқымын қамти отыра, 20 млрд теңге шамасында қаржыландыру жоспарланып отыр.
Жаңа өніммен қатар, «ҚазАгроҚаржы» отандық техниканы жылдық 5%-бен лизингке берудің флагмандық жеңілдетілген бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. 2025 жылы оған 200 млрд теңге бөлінді, қазірдің өзінде 76 млрд теңге сомасына 4 мыңнан астам техника сатып алу қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Қазақстанда жасалған», 6%-бен «Жеңілдетілген лизинг», «Өз жем-шөбіміз» бағдарламалары да қолданыста, осы бағдарламалар бойынша қаржыландыру 18,5 млрд теңге көлемінде деп болжанған.
Бұл құралдардың барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық машина жасауды қолдауға бағытталған.