Таразда 400 орындық көпбейінді аурухана салынады
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шара барысында мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қажырлы еңбек пен қалтқысыз қызмет үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ, Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде жергілікті атқарушы билік тарапынан өңір медицинасының әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Айта кетейік, 2025 жылға медициналық емдеу, алдын-алу ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 6,0 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Одан бөлек «Жасанды интеллект» көмегімен радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жүйесіне – 3,6 млрд. теңге қаралған.
Мерекелік шарада саланың 54 үздік маманына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет және Алғыс хаты салатанатты түрде табысталды.
Шара соңы К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Мерекелік жиында өнер көрсеткен эстрада жұлдызы Ернар Айдар халық арасында кең таралған әндерін орындап, кештің көркін қыздырды.