Варшаваны бағындырған Қордайлық шабандоз
Осы күндері Польша астанасы Варшава қаласының орталық ипподромында Еуропадағы ең ірі шабандоздар бәйгесі өтуде. Өткен сенбіде Қордай ауданы, Аухатты ауылынан келген шабандоз Мейір Қыпшақбаев осы сайыста өзінің тұлпарымен жеңіс тұғырынан көрінді.
Қатты жауған жаңбыр мен лайсаң, сырғанақ жолға, сондай-ақ Еуропаның ең мықты сәйгүліктерімен болған бәсекеге қарамастан, «Gaston Great» нағыз чемпионға тән мінез танытты. Қиындыққа мойымайтын текті тұлпар нөсер мен суыққа қарамай, қарсыластарын шаң қаптырып, мәреге бірінші жетті.
Мейір Қыпшақбаев өмірін қазақтың ат спортын дамытуға арнаған. Ол бұған дейін де түрлі деңгейдегі бәйгелерде өзінің жоғары шеберлігін дәлелдеп келеді. Варшавадағы жеңіс – қажырлы еңбек пен адалдықтың, биік мұратқа деген сенімнің белгісі.
Алда тағы бір үлкен сын күтіп тұр. 2025 жылдың 22 маусымында «Gaston Great» тағы да Варшавада өтетін бәйгеге қатысады. Біз жерлесіміздің бұл жолы да жеңіске жетіп, көк Туымызды желбіретететініне сенеміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ