Спорт

Жерлесіміз Лос-Анджелесте шеберлік сабағын өткізді

The final spritzer

Соңғы жылдары Жамбыл өңірінің спортшылары халықаралық ареналарда айрықша табыстарға жетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әсіресе, ерекше қажыр мен қайратты талап ететін күрес түрлерінде жарқыраған жеңістер молайып келеді. Сол чемпиондар сапында есімі елге кеңінен танылып келе жатқан грек-рим күресінің саңлағы Нұржан Асан да бар.

Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан шыққан 24 жасар спортшы 2013 жылы отбасымен бірге Тараз қаласына көшіп келеді. Сол жылы №26 мектепке бесінші сыныпқа қабылданады.

Нұржанның спортқа келуіне достары ықпалы еткен. Сыныптастарының бәрі спортпен айналысқандықтан, ол да өзіне ұнайтын спорт түрін іздеп, сол арқылы грек-рим күресін таңдайды. Дәл осы спортты таңдаудағы басты себеп – Нұржанның ерекшелікті жақсы көретіндігінде. Яғни, болашақ чемпион жастайынан біреудің жасағанын қайталамауға, өзгенің деңгейінде қалмауға тырысатын, өзгеше болғысы келетін. Сыныбындағы жігіттер футбол, баскетбол, каратэ сияқты спорт түрлеріне қатысқанымен, нақты грек-рим күресіне ешқайсысы бармаған.

Себебі ең бірінші алған медалі спортшыға оңайлықпен келмеген. Тарқатып айтсақ, Нұржан 2014 жылы республикалық ашық турнирге қатысады. Жарыс барысында күрес нағыз қызған шақта басынан ауыр жарақат алып қалады. Ол қан тоқтамай ақса да, дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, кілемге қайта шығуға бел буды. Ақырында қайсар мінез көрсетіп, үшінші орынды иеленді. Бұл – оның спорттағы алғашқы үлкен жеңістерінің бірі еді.

Кейінгі жылдардағы жүрегіне жақын жетістігі – Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында қола жүлдені жеңіп алуы. Ол кезде жамбылдық балуанның жасы жиырмада болатын. Дәл осы жасында Нұржан «Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы» атағына ие болды. Сонымен қатар, ол түрлі деңгейдегі сайыстарда өнер көрсетіп, көптеген марапаттарға қол жеткізді.  Атап айтқанда, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен жарыста Қазақстан спорт тарихында алғаш рет сурдлимпиялық грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ  2023-2024 жылдары қатарынан Азия ойындарында алтыннан алқа тағынған.

Жақында даңқты жерлесіміз Лос-Анджелесте грек-рим күресінен 26 мамыр мен 7 маусым аралығында шеберлік сабағын өткізді. Қазақстандық балуанды АҚШ-қа шетелдік спортшылар өздері арнайы шақырған.

Шетелде жүріп жерлесіміз АҚШ-тағы спорт жүйесі мүлде басқа деңгейде екенін байқайды. Үшінші рет барғаннан кейін Нұржанға ондағы өмір мен спорт мәдениетін тереңірек түсініп, сезінуге мүмкіндік туды. Мұнда адамдар спортпен еркін айналысады, палуандардың физикалық дайындығымен қатар, теориялық білімі де толық. Басқаша айтқанда, америкалықтар үшін спорт – хобби емес, өмір салтына айналған. Нәтиже көрсетсең, мемлекеттен де, демеушілерден де қолдау бірден келеді. Жасөспірім кезден бастап спортшылар жарыстарда көзге түссе, олардың жағдайы бірден жасалады. Қаржылай да, тұрмыстық жағынан да. «Nike», «Adidas» сияқты ірі брендтер спортшыларды қолдап, әрбір жеңісін ынталандырады.

Жасөспірімдермен жұмыс істеу мәдениеті де жоғары деңгейде. Университет оқытушылары, профессорлар күнделікті жұмысымен қатар спортты серік етеді. Мысалы, Кайл Дейк сияқты әлем чемпиондары әрі жаттықтырып, әрі өздері күресіп жүр. Олардан үйрену, сөйлесіп, пікір алмасу жамбылдық спортшы үшін өте қызықты тәжірибе болған.

Америкалық балаларға жетекшілік еткен спортшы үшін жаттығу процесінің әр күні ерекшелікке толы. Жергілікті спортшылармен, жас өрендермен бірлесе жаттығу барысында ең бастысы – тіл табысу екені белгілі. Себебі олар қазақтың менталитетін, рухын бірден түсіне бермейді. Бұл жақта адамдарға деген көзқарас пен қарым-қатынас та өзгеше. Сондықтан қазақ балуаны жаттығу барысында әдіс-тәсілдерді, ережелерді асықпай, барынша сабырмен, түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан. Ағылшын тілін енді үйреніп жүргеніне қарамастан, олармен ашық сөйлесіп, қимылмен де, ыммен де ойын жеткізе білді.

Америкалық спортшылардың да қазақ балуандарынан үйренері аз болмаған. Себебі біздің күрес мектебі Азия мен Еуропа мектептерінен ерекшеленеді екен. Нұржанның айтуынша, қазақ күрес мектебінде шабуылға негізделген, айқын басымдықпен жеңуді көздейтін лақтыру, қарсыласты толық тізгіндеу секілді маңызды тәсілдер көбірек.

Шетелде өткізген шеберлік сабағы спортшыға рух сыйлап, жігер берген. Сол сәттерде өз бойындағы кейде көзге көріне бермейтін қателіктерді сезінгендей болған. Неден бастау керек, қалай оң бағыт алу қажет деген сұрақтарға да жауап табылған.

Нұржанды алда – биік белестер, ірі жарыстар күтіп тұр. Ол қазіргі сәтте АҚШ-та өтетін халықаралық сайыстарға дайындалуда. Мәселен, қыркүйек айының басында – Лас-Вегаста, қарашада – Нью-Йоркте турнирлер бар. Биыл осы жарыстарды еңсеруді көздеп, келесі 2026 жылға жаңа, биік мақсаттарды межелеп отыр.

Қазақ спортшыларына әлемдік деңгейде жол ашу – оның басты мұраты. Америкаға келудегі негізгі себебі де осы. Мұндағы техника, тактика, оқу-жаттығу жиындарының жүйесі мен спорт залдарының мүмкіндігін меңгеріп, болашақта қазақ спортшыларын осында әкеліп, кәсіби деңгейде даярлау, тәрбиелеу – ол көптен бері ойда жүрген үлкен жоспарлардың бірі.

Осылайша Нұржан шетелде жинақтаған білімі мен тәжірибесін қазақ спортына жұмсағысы келеді. Себебі АҚШ-та спортшылар тек физикалық немесе техникалық дайындықпен шектелмейді, мұнда күрестің терең теориясы, ғылыми негізделген сабақтары бар. Сол білімді игеріп, ертеңгі күні оны қазақ спортшыларына үйретуді көздеп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ