Әлеумет

«Мансап компасы» – еңбек пен даму мүмкіндігі

Жазғы демалыс тек тынығу емес, еңбекке де алғашқы қадам жасау кезеңі. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 14 пен 18 жас аралығындағы жастарға арналған ерекше бастаманы іске қосты. Министрліктің қолдауымен enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» атты арнайы бөлім ашылып, жастарға жаз мезгілінде жұмыс табу, жеке кабинет ашып, түйіндеме жариялау және еңбек нарығына алғашқы қадам жасау мүмкіндігі ұсынылды. Аталған жүйе арқылы 16 жасқа дейінгі оқушылар заңды өкілдерінің көмегімен тіркеледі. Платформа тегін және қауіпсіз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, заңға сәйкес жұмыс істеуге рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны бүгінде 1 миллион 488,6 мың адамды құрайды. 26,5 мыңы – мүмкіндігі шектеулі балалар. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 24,3 мың оқушы жазғы жұмысқа орналасқан. Олар көбінесе сауда, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй қызметтері салаларында еңбек етуде.

Жазғы еңбек науқаны оқушылардың тек табыс табуына ғана емес, еңбекке деген ынта-жігерін, дербестігін арттыруға, жеке дамуына жол ашады. Бұл ретте министрлік жастарға қосымша мүмкіндіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Skills.Enbek» онлайн оқыту платформасы 1 300-ден астам курсты қамтиды. Оның ішінде 322-сі тегін, 137-сі мемлекеттік тілде. Бұл платформада мектеп оқушылары мен студенттер өз қызығушылықтарына сай жаңа білім алып, түрлі дағдыларды игере алады.

Сонымен қатар, кәсіби бағдар беруге бағытталған «Мансап компасы» платформасы да іске қосылған. Бұл ресурс оқушылар мен жастарға мансаптық қызығушылықтарын анықтауға көмектесетін тесттер, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат, жалақы мөлшерлері, оқу орындарына түсу жолдары мен болашақ кәсібін дұрыс таңдауға бағытталған кеңестер ұсынады. Елдің барлық өңірлері бойынша сұранысқа ие салалар мен мамандықтар осы жүйеде қамтылған. Платформа 9-11-сынып оқушыларына арналған және олардың болашақ мамандық таңдауда қателеспеуі үшін нақты құралға айналуда.

Светлана Жақыпова жазғы демалыс уақытында студенттер мен оқушылардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бағытында кешенді шаралар қарастырылғанын атап өтті. Электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын таңдау, онлайн оқыту курстарынан өту, қоғамдық жұмыстарға тарту және кәсіптік бағдар беру – бұл жастарға арналған нақты қадамдар.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарға да ерекше көңіл бөлінуда. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, атаулы әлеуметтік көмек алушы немесе табысы төмен отбасылардың балаларына жергілікті бюджет есебінен жазғы сауықтыру орталықтарына тегін жолдама беріледі. Бұл олардың жазғы уақытты пайдалы өткізуіне үлкен мүмкіндік.

Жастарды жұмыспен қамту бойынша облысымызда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібековтің айтуынша, «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында биылдың өзінде аймақтағы жұмыссыз жастардың бір бөлігі уақытша жұмысқа орналастырылған. Атап айтқанда, «Жастар тәжірибесі» бағардамасына 795 азамат тіркеліп, түрлі мамандықтар бойынша жұмысқа жолданған. Оның ішінде 17-18 жас аралығындағы жастар да бар. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы 126 азамат жұмысқа жолданыпты.

Тараз қаласының тұрғыны Әли Қуанышбек – 10-сынып оқушысы. Биылғы жазғы демалысты тек демалып емес, пайдалы өткізгісі келеді. Себебі уақыт өте келе ол тек оқуда ғана емес, өмірлік тәжірибеде де шыңдалу маңызды екенін түсіне бастаған.

Жаз – жастар үшін өзін-өзі дамыту, жауапкершілікті сезіну, еңбек тәжірибесін жинау кезеңі. «Менің жазғы демалысым», «Skills.Enbek» және «Мансап компасы» жобалары – болашаққа нық қадам жасағысы келетін әрбір жас үшін үлкен мүмкіндік. Бұл бастамалар арқылы оқушылар мен студенттер алғашқы табысын тауып қана қоймай, кәсіби жолын анықтап, өз келешегін ерте жасынан қалыптастыруға мүмкіндік алады.

Айжан ӨЗБЕКОВА