Цифрлық дәуірдегі жастар тәрбиесі
Бүгінгі жастар жаңа технология мен ақпараттандыру дәуірінде дүниеге келіп, цифрлық құрылғылар олардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Смартфон, интернет, әлеуметтік желілерсіз жастардың өмірін елестету қиын. Цифрлық дәуірде жастар тәрбиесінің мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырап отыр.
Технология шексіз мүмкіндіктерге ие болуға жол ашады. Жастар әлемнің кез келген нүктесінен хабар алып, жаңа білім игеріп, шығармашылықпен айналыса алады. Өз өнерін, артықшылығын елге паш етіп, әлемге танылуы да ғажап емес. Онлайн курстар, түрлі платформалар арқылы жасөспірім өз бетімен дамуға ие болады. Әлеуметтік желі достармен байланыс орнатып, пікір алмасуға, өз ойын білдіруге мүмкіндік береді. Әйтсе де, жаңашылдық пайдасын тигізгенімен, зияны да орасан екенін ұмытуға болмайды.
Жасөспірімдердің интернетке тәуелділігі артқан сайын, олардың денсаулығы мен ұйқы режимі бұзылып, оқу үлгерімі төмендеп кетуі мүмкін. Сонымен қатар, кибербуллингке ұшырауы, жалған ақпараттың құрбаны болуы – олардың психологиясы мен құндылықтарына кері әсерін тигізеді. Сондықтан технологияны бірден «дұшпан» деп танымай, оны тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету – заманауи тәрбиенің негізгі мақсаты болуы тиіс.
Тәрбие бірінші кезекте ата-ананың мойнында. Ата-ана баласына шектеу қоюмен шектелмей, интернетті қалай тиімді қолдануға болатынын үйретіп, баланың онлайн өміріне қызығушылық танытып, ашық сөйлесуі қажет. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді қазақта. Сол себепті өздері де үлгі бола отырып, телефонға емес, шынайы қарым-қатынасқа, кітап оқуға, бірлесе уақыт өткізуге көңіл бөлгені абзал.
Бүгінгі күні балаларға телефон беру – жай ғана байланыс үшін емес, олардың қауіпсіздігін де ойлауды қажет етеді. Ата-аналар алдымен баласының телефонмен не істейтініне, қандай қосымшаларды пайдаланатынына, кіммен сөйлесетініне мән бергені дұрыс. Балаларға арналған арнайы телефон қосымшаларында интернетті қосу, бейтаныс адамдармен сөйлесу сияқты мүмкіндіктерді шектеуге де жағдай жасалған. Сонымен қатар, телефонға ата-аналық бақылау орнатып, бала қанша уақыт қолданатынын, қандай ойындар мен видеолар қарайтынын қадағалауға болады. Бұл баланың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Балаларға интернетте өз деректерін ешкімге бермеуді, бөтен адамдармен сөйлеспеуді, күмәнді сілтемелерге жоламауды түсіндіру керек. Ең бастысы ата-ана өзі де баласына жақсы үлгі бола білуі керек.
Білім ордаларында да бұл процесс маңызды рөл атқарады. Білімгерлер мен оқушыларға тек пән үйретіп қана қоймай, сонымен қатар олардың цифрлық сауаттылығын арттырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушыларды ақпаратты сыни тұрғыда қабылдауға, қауіпсіз интернетті пайдалануға баулу – қазіргі білім беру жүйесінің маңызды міндеті. Білім үдерісін заманауи технологиялармен тиімді ұштастыру оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашады.
Жастардың цифрлық ортада қауіпсіз, саналы әрекет етуі үшін мемлекет те өз рөлін белсенді атқаруда. Мемлекет тарапынан жасалынатын нақты қадамдар – ақпараттық саясатты дұрыс жүргізу, теріс контентке тосқауыл қою және цифрлық сауаттылықты арттыру. Алайда тек қана мемлекет, мұғалімдер мен ата-аналар ғана емес, бұл іске қоғам да атсалысса, оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Одан бөлек әлеуметтік желілерде белсенді блогерлер мен танымал тұлғалар жастардың санасына тікелей әсер етуде. Мысалы: «The Conversation» сайтында жарияланған мақалада жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі қауіпті челлендждерге еліктеуінің арты қайғылы жағдайларға әкеліп жатқандығы айтылған. «Tide Pod challenge» (кір жуатын капсуланы жеу), «Benadryl challenge» (шамадан тыс дәрі ішу) және «milk crate challenge» (жәшіктермен жасалған пирамиданың үстімен жүру) секілді әрекеттердің салдарынан жастар ауыр жарақат алып, тіпті кейбірі көз жұмған. Сонымен қатар, жуырда ғана бұқаралық ақпарат құралдарында облысымызда жасөспірім балалардың әлеуметтік желідегі трендтерге еліктеп, жаяу жүргіншілер жолында қатып қалып, көлік жүргізушілеріне кедергі келтіріп, өз өмірлеріне қауіп төндіріп жүргені жазылды. Мұндай тенденцияға блогерлер мен танымал тұлғалардың ықпалы да зор. Олар қауіпті контент арқылы көп қаралым жинап, жасөспірімдерге теріс үлгі көрсетуде. Ғалымдар мұны жасөспірімдердің миы толық жетілмегендіктен және әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ұмтылуымен байланыстырады. Сондықтан ғаламторда белсенді тұлғалардың контенті тәрбиелік мәні бар, пайдалы ақпараттарға толы болғаны жөн.
Цифрлық мәдениет – тек гаджет қолдану ғана емес, бұл – жауапкершілікпен контент тұтыну, өзін-өзі бақылау, айналаға зиян келтірмеу, рухани дамуға ұмтылу. Жасөспірім өзін тек виртуалды әлемде ғана емес, шынайы өмірде де тұлға ретінде сезіне білуі қажет. Ол үшін оларға цифрлық этика мен психологиялық иммунитет қалыптастыру керек. Бос уақытын пайдалы өткізуге жағдай жасау – спорт, өнер, волонтерлік жобаларға тарту арқылы іске асады. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды үйлестіру – ұлттық болмысты сақтай отырып, дамуға жетелейді.
Айтайын дегеніміз, цифрлық дәуір – жастар тәрбиесіне жаңа талаптар қойып қана қоймай, үлкен мүмкіндіктер де ұсынады. Бүгінгі жастар – болашақ көшбасшылар. Олардың тәрбиесі – елдің ертеңі. Сондықтан ата-ана, мұғалім, қоғам және мемлекет бірігіп, заманауи технологиялармен қатар рухани, интеллектуалдық және мәдени тұрғыдан бай, жауапты, саналы тұлғаны қалыптастыруға атсалысуы қажет. Технологияның шексіз мүмкіндіктері бар екені даусыз. Алайда бұл мүмкіндіктер адамды дамытуға, оның тұлғалық өсуіне, отбасылық құндылықтарды сақтауға, ұлттық болмысты дәріптеуге бағытталған жағдайда ғана қоғамға пайда әкелмек. Цифрлық дәуірдің игіліктерін тиімді пайдалана отырып, біз саналы, білімді, рухани бай, отансүйгіш жаңа ұрпақ тәрбиелей аламыз. Бұл – ұлт ретінде ұлы болудың кепілі.
Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті