Әлеумет

«Келешек» бағдарламасының көмегі көп

Елімізде биылғы жылдан бастап «Келешек» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл – баланың жоғары біліміне қаржы жинауға бағытталған бағдарлама. Мемлекет 5 жасқа дейінгі балалардың ессепшотына 60 АЕК немесе 235 920 теңге көлемінде бастапқы білім беру капиталын аударады. Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК көлемінде ақша аударады. Оны сақтап қалу үшін отбасына жыл сайын кемі 24 АЕК немесе 94 368 теңгені аталмыш депозитке аударып тұрулары қажет.

«Келешек» бағдарламасы «Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында 2024 жылдан бастап іске асырылып келеді. Алғашында «Ақыл» депозиті болып ашылып, жобаға биылғы жылы бірқатар өзгеріс енгізіліп, «Келешек» бағдарламасымен біріктірілген.

Бағдарламаның негізгі шарттары бойынша 18 жасқа дейінгі немесе кез келген Қазақстанның азаматы бағдарламаға қатысып, өзіне «Ақыл» депозитін аша алады. «Ақыл» депозитін ашу үшін бастапқыда шотыңызда 11 800 көлемінде ақша болуы керек. Сол соманы салған уақытта ғана депозит ашылады. Шот ашылғаннан кейін мемлекет бастапқы капиталы, яғни 235,9 мың теңге құяды. Ал ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 471,8 мың теңге, яғни екі есе көп көлемде сыйақы аударылады. Содан кейін әр жылы тоқсан 5 000 теңге салып отыру керек. Дегенмен бұл биылғы жылдың көрсеткіші. Келесі жылы айлықтық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты төлем жасау мөлшері де өзгеруі мүмкін.

Облыс бойынша 2024 жылдан бері «Ақыл» депозиті негізінде 4953 жеке шот ашылып, тұтынушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жеке шот ашу онлайн және банкке тікелей бару, сондай-ақ арнайы кеңесшілерге жүгіну арқылы жүзеге асады. Мәселен «Отбасы банк» акционерлік қоғамының облыс бойынша 4 кеңесшісі бар. Бағдарламаның нақты шарттары мен тиімділігін білу мақсатында біз де кеңесшілердің кеңесіне құлақ түріп, тілдескен едік. 4 кеңесшінің бірі Нұржан Есіргеновтің айтуынша, бағдарламаның тиімділігі өте орасан.

Маманның айтуынша, кеңесшілер өзімен бірге арнайы планшет алып жүреді. Планшет арқылы сіздің жеке куәлігіңіз немесе балаңыздың құжаттары арқылы жеке шот ашуға болады. Жеке шот ашылғаннан кейін «Отбасы банк» АҚ-ның қосымшасын ұялы телефонға орнатып, сол қосымша арқылы шоттағы түсімдерді, шығындарды қарап, бақылап отыра аласыз.

Баянды бағдарлама облыс тұрғындарына да қуаныш сыйлауда. Мәселен Қордай ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Назерке Қаржауқызы бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, екінші ұлына жеке шот ашқысы келетінін жеткізді.

Мемлекет жыл сайын білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Шет елге оқуға түсуді жеңілдету, оған қаржы жинау шоттарын ашу, мектеп қабырғасында жүріп жоғары оқу орнына түсу жолдарын қарастыру секілді оң бастамалар бүгінгі таңда керек-ақ. Сол себепті мұндай жаңашылдықты оңтайлы пайдаланғанымыз абзал.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ