Жабайы сауданың бірі – жүгері сату
Жаз шықса болды қаладағы түрлі сауда орындарын буы бұрқыраған ыстық дүмбілдің иісі алып кетеді. Одан бөлек, кейбіреулер Тараз қаласындағы тұрғын үйлердің алдына немесе жаяу жүргіншілер жолының (тратуар) бойына тұра қалып саудалап жатады. Негізі дәл осы уақытта қауын-қарбыз немесе жүгері сату арқылы ақша табу саудаға қатысы жоқ адамдар үшін қосымша табыс көзі саналатыны анық.
Жалпы жүгері сатушылардың көбісінің іс-әрекеті заңсыз екені белгілі. Оны қаланың әр бұрышында, тіпті рұқсат етілмеген жерлерде, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаларда, көлік жолдарының жиегінде, мектеп пен аурухана маңында, қандайда бір супермаркеттің алдында сауда жасап тұрғандарға жақындап барып, әңгімеге тартқанда байқауға болады. Өйткені олардың дені дүмбілді сатып алған адамнан қолма-қол есеп айырысуды талап етіп немесе ақшаны QR код арқылы емес, «Kaspi Gold»-қа тіркелген телефон нөмеріне аударуды ұсынады. Сондықтан да кәсіптің дәл осы түріне келгенде қоғамда сын-ескертпелер жетерлік. Өйткені мұнда рұқсатсыз сауда жасаумен қатар, тазалыққа байланысты мәселелер де бар. Сонымен қатар мұның бала еңбегін қанауға да қатысы болуы мүмкін. Өйткені кейде мектеп жасындағы оқушылар мен колледж студенттерінің қолы қалт еткенде дүмбіл сатумен айналысатынын байқауға болады. Көбіі бұл істі маусымдық кәсіп деп санайды.
Осы ретте Тараз қаласындағы Сейфуллин көшесімен қиылысатын бір бағытты Әл-Фараби көшесімен «Салтанат» ықшамауданын бойлай «Қаратау» ықшамауданына қарай бет алдық. «Салтанат» ықшамауданындағы жаяужүргіншілер жолы бойында бір келіншек дүмбіл сатып тұрды. Қайнатылған бір дүмбілді 350 теңгеден саудалап тұрған одан жөн сұрасқанымызда жақтырмаған кейіп танытты. Дүмбіл сатушылардан төлемді «Kaspi Gold» арқылы қабылдап жатқанын да көрдік. Кішігірім үстелге электр қуатымен жұмыс істейтін қазанын орналастырып, жүгері сатып отырған оның әрекеті санитарлық талапқа да сай келмейді-ау деп қалдық. Қолында арнайы рұқсат қағазы, медициналық тексеруден өткені туралы анықтама немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені жайлы құжат сұрағымыз-ақ келген. Алайда оны дәл осы мәселелерді қазбалап сұрап, одан жауап алуға жүрегіміз дауаламады. Себебі өзіміз әлі студент болған соң бұл сұраққа жауап ала алмайтынымыз анық еді. Сол үшін де облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасынбековке хабарласқанымызда заңсыз саудаға қатысты мән-жайды әңгімелеп берді.
– Егер саудагер қандай да бір тауардың бағасына төлем әдісіне байланысты үстеме ақы қосса, тұтынушы бізге шағымдана алады. Өйткені, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес сатушы тауарды заттаңбада, сауда нысанының ішкі немесе сыртқы витринасына қойылған, көрсетілген бағада сатуға міндетті. Ал тұтынушының тауарды көрсетілген дәл сол бағада сатып алуға құқығы бар. Заң бойынша баға төлем әдісіне қарамастан өзгермеуі тиіс. Сонымен қатар осы заңның 8-1-бабының 4-1-тармағында төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем қабылдағанда, қолма-қол төлем кезіндегі бағадан артық баға белгілеу тұтынушы құқығын бұзу болып есептеледі.
Ал мына жағдайда бір нәрсені ескеру керек. Өйткені жол бойында сауда жасау, тауарды қолма-қол не «Kaspi Gold» арқылы сату мәселелері салық тәртібіне және тіркеуге қатысты болғандықтан бұл тұрғыда түсіндірмені облыстық кірістер департаменті береді, – деді Сексен Қасынбеков.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлнұр Абдалиевамен де сөйлестік. Ол көше бойындағы саудагерлердің әрекетіне тексеру жүргізуге департамент мамандарының құқығы жоқ екенін айтты
Жол бойына тұра қалып кез келген тауарды сату қоғамның шынайы әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесін, нақты айтқанда жабайы сауда мен «көлеңкелі» бизнестің қоғамда әлі де бар екенін көрсететін құбылыс. Бұл халықтың табыс табуға деген ынтасы жоғары, еңбекқор, пысық екенін білдіргенімен ол заңсыз жүзеге аспауы керек. Анығы қоғамда сауда мәдениеті, кәсіпкерлік талаптары ретке келтірілуі тиіс. Осы ретте Тараз қаласы әкімдігі салық агенті, учаскелік полиция секілді тиісті мамандарды тарта отырып, заңсыз саудаға қатысты тексеру жүргізіп, арнайы жүгері сататын аймақтар мен шағын орындар белгілесе артық болмайтын еді. Бұл сатушылардың ашық жұмыс істеуі үшін қажет. Өйткені бұл жерде басты мәселе табыс табу емес, оны қалай, қай жерде және қандай жағдайда табу болып тұр.
Негізінде еңбектің түрі көп. Оның ішінде заң мен тәртіпке бағына отырып адал еңбек ету ғана адамды абырой биігіне жетелейді.
Нұрсая САҒЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті