Жаңалықтар

Алмастың арманы асқақ

Тараз қаласында арманын нақты іске айналдырып, ерте жастан кәсіпкерлікке қадам басқан жастар аз емес. Солардың бірі – 20 жастағы жас кәсіпкер Алмат Абиров. Қарапайым отбасынан шыққан, арманы асқақ жас жігіт бүгінде аяқкиім саудасын жолға қойып, өз кәсібін дамытып келеді. Біз жас кәсіпкермен сұхбаттасып, табысқа апарар жолдағы тәжірибесі мен ой-толғамдарын тыңдаған едік.

«Кәсіпкер болу – бала күнгі арманым еді» деген Алматтың сол арманы күндердің күнінде нақты мақсатқа айналып, үлкен әрекетке түрткі болған екен. Қазір ол күнделікті сұраныстағы, тұрақты табыс әкелетін кәсіп, яғни аяқкиім сатумен айналысады.

«Неге аяқкиім сатуды таңдадыңыз?» деген сұраққа Алмат: «Бұл – ешқашан маңызын жоғалтпайтын, адамдарға әрдайым қажет дүние. Мен бұл бизнесті бастап, біртіндеп тұрақты серіктестер тауып, клиент базасын қалыптастырып келемін. Мақсатым – тұтынушыларға сапалы өнім мен сенімді қызмет ұсыну», деді ол.

Алмат – жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алады. Болашақ қаламгер бола тұра кәсіпкерлікке ден қоюы туралы да ойын тыңдап көрдік.

Жас кәсіпкердің айтуынша, ең қиын кезең бастаманы қолға алу сәті болған. Әсіресе қаржы мәселесі көп ойландырған. Бірақ ол бәрін өз күшімен жасап, бастапқы капиталды өзі жинап, нақты жоспармен іске кіріскен.

Ол «Өз ісімнің иесі болу, өз еңбегімнің жемісін көру – мен үшін үлкен мотивация» деген ұстаныммен күн кешеді. Қиын сәттерде өзін рухтандырудың жолы да қарапайым. Ол өз-өзін «тоқтама!» деп жігерлендіреді.