Алыс-беріс нығайып келеді
Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдардан бері алыс-жақын шетелдермен көпвекторлы сыртқы саясат жүргізу ісін сәтті жүзеге асырып келеді. Соның арқасында қазақстанның шетелмен сауда-экономикалық байланысы нығая түсті. Қазақстан бүгінде әлемнің көптеген мемлекетімен сауда саясатына қатысты тұрақты қарым-қатынас орнатып, арада алыс-беріс жандана түсті. Соңғы жылдары бұл шаруалар жаңа деңгейге көтеріліп, жекелеген елдермен өзара әріптестік әрекет ету ісі күшейді. Оның ішінде бір ғана Еуропадағы дамыған мемлекеттердің бірі Италияны сөз етсек, осы мемлекетпен арадағы алыс-беріс те ерекше қарқынға ие болып отыр.
Италия – Қазақстанның Еуропадағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынасқа 1992 жылы қол жеткізілгенімен, негізінде сауда-экономикалық байланыс соңғы онжылдықта қарқынды дамыды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Италиямен арадағы сауда-экономикалық әріптестікті нығайту жолында маңызды шаралар қабылданып, жаһандық өзгерістер жағдайында стратегиялық диалогқа деген ортақ ұмтылыс көрініс табуда.
Бүгінде Италияға машина жасау, мұнай-химия, жасыл энергетика және агроөнеркәсіп салаларында салалық бірлескен кластерлер құру, италиялық өндірушілердің құрастыру және сервис орталықтарын Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарында орналастыру арқылы салықтық жеңілдіктер мен ЕАЭО, ТМД және Азия елдерімен еркін сауда туралы келісімдерге қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылуда. Сонымен қатар логистикалық тізбектерді цифрландыруға қатысты «Digital Supply Chain 4.0» жобасы аясында «blockchain-трекинг», «e-CMR», «e-TIR» платформаларын енгізу, сондай-ақ 2026 жылға қарай Астанада «Тұрақты инновациялар орталығын» ашу, «Жасыл» өнімді сертификаттау бойынша 2027 жылға дейін жылына 100 мың тонна көлемінде сертификатталған алюминий мен ферроқорытпаларды өндіру арқылы еуропалық автокөлік және құрылыс салаларына жеткізу, «KazakhExport» және Италияның «SACE» компаниясы арқылы экспорттық және инвестициялық тәуекелдерді бірлесіп сақтандыру құралдарын дамыту мәселесі де назарға алынған екен.
– Ауылшаруашылығы өндірістік кешені бағытында да ынтымақтастық әлеуеті ерекше маңызды. Қазақстанның Италияға органикалық бидай, майлы дақылдар мен мал азығын жеткізуді кеңейтуге құлықты. Сонымен қатар өнімді бірлесіп қайта өңдеу және бірыңғай брендпен орау бастамасы да халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Бұл ауқымды бастамаларды сәтті жүзеге асыру үшін жүйелі, мемлекетаралық тәсіл мен нақты шаралар қажет. Бірінші кезекте, стандарттарды үйлестіру, кедендік рәсімдерді оңайлату, логистикалық регламенттерді синхрондау және өнімді сертификаттау мәселелерін қамтитын үкіметаралық келісімдер қажет. Бұл бизнес үшін айқын ережелер орнатып, әкімшілік кедергілерді азайтады.
Бұдан бөлек, машина жасау, жасыл энергетика, агропроцессинг және жоғары технология сияқты басым салалардағы бірлескен бастамаларды қаржыландыру және қаржыландыруға қатысу үшін екіжақты инвестициялық қор құру маңызды. Қор екі елдің даму институттары мен тұрақты даму бағытында жұмыс істейтін халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен құрылуы мүмкін. Сондай-ақ сауда және инвестициялық келісімдер құрылымына экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару стандарттарын бейімдеуді қамтитын бірлескен «Environmental Social Governance» (ESG) жол картасын әзірлеу маңызды. Бұл – «жасыл» өндірісті, тұрақты жеткізу тізбектерін қамтамасыз етіп, Еуропалық одақ пен халықаралық нарық талаптарына, оның ішінде көміртегіні шекаралық реттеуге қатысты «CBAM» механизмдеріне сай келуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Италия арасында құрылатын бірлескен өндірістік тізбектер жаңа өңірлік жаһандық жеткізу конфигурацияларына интеграциялануға жол ашады. Бұл процестер бүгінгі таңда жиі Friendshoring қағидатына негізделіп отыр. Осындай негізде құрылған әріптестік сенімділік пен логистиканың ашықтығын бәсекелік артықшылық ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
2019 жылдан бері жаһандық сауда белгісіздігінің индексі 200 пайызға өсіп, 430 тармаққа жетті. Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы жаһандық тауар айналымының өсуі 1,7 пайызға дейін баяуламақ. Осындай жағдайда бізге икемді, тұрақты және серіктестікке негізделген шешімдер қажет.
Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салып, Еуразияның «Орта хабына» айналуға және Каспий, Кавказ, Қытай мен ЕАЭО арқылы Италия үшін сенімді дәліз ұсынуды көздеді.
Жалпы Қазақстан мен Италия арасындағы жаңа серіктестік кезеңінің негізін қалайтын бастамалар бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қазақстан-Италия бизнес форумы». Мұндай кешенді шаралар өзара тиімділікке, технологиялармен алмасуға, экономикалық стратегияларды үйлестіруге және заманауи сын-қатерлерге жауапкершілікпен қарауға бағытталған жаңа парадигманың бастауы, – дейді А.Шаққалиев.
Еліміздің сыртқы сауда саясатын табысты жүзеге асыру –маңызды міндет. Сондықтан да аталған министрлік сауда-экономикалық байланыстарды әртараптандыру арқылы еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтуға күш салуда. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің жаһандық сауда жүйесіне еркін енуін жеделдете түсетіні анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ