Жамбыл жаңалықтары

«Жұлдыз» сауықтыру лагері өз жұмысын бастады

Меркі ауданындағы балаларға арналған «Жұлдыз» жазғы сауықтыру лагері ашылды. Балалық шақтың шаттыққа толы сәттері бастау алған бұл шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, өңір бойынша білім саласында сапаны қадағалау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев, ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатысты.

Ашылу салтанатында Құрманбек Жандарбеков атындағы өнер мектебінің ұжымы дайындаған әсерлі концерттік бағдарлама көрермендердің көңілін көтеріп, балалардың демалысына сән қосты. «Кезбе музыканттар» қойылымы, «Бақытты балалық шақ» әні мен флешмобтар, «Алаш аманаты» композициясы, ұлттық нақыштағы әндер мен билер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Ербол Жиенқұлов балаларды лагердің ашылуымен құттықтап, жазғы демалыстарының жарқын әрі мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді. Ал департамент басшысы Мұхит Нысанбаев балғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі қызықты орта қалыптастыру – білім саласының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Бағдарлама аясында 2025 жылдың 9 маусымы мен 2 тамызы аралығында тау бөктерінде орналасқан, экологиялық жағынан таза аймақтағы «Жұлдыз» жазғы сауықтыру лагері төрт ауысым бойынша жұмыс істейді деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, аталған лагерьде 360 баланың тынығуына мүмкіндік жасалмақ. Оның алғашқы ауысымында әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жататын отбасылардың балаларына басымдық беріліп, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және өмірлік қиын жағдайдағы отбасылардан шыққан 90 бала қабылданып, демалыс маусымын бастап кетті.

Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан 35 жалпы білім беретін мектептің базасында 2-27 маусым аралығында мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылып, онда 1–10 сынып аралығындағы 15 492 оқушы жазғы сауықтыру және бос уақытты тиімді өткізу шараларымен қамтылуда. Бұл оқушылардың 15 184-і өз қызығушылықтарына сәйкес түрлі бағыттағы үйірмелерге тартылса, 4 567 оқушы көгалдандыру және еңбекке баулу бағытындағы қоғамдық пайдалы жұмыстарға жұмылдырылған. Осылайша, «ЖАЗ–2025» бағдарламасы балалардың жазғы демалысын сапалы әрі мазмұнды ұйымдастыруға бағытталып, олардың жан-жақты дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасауда.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ