Білекті балуандар белдесті
Меркі ауданындағы Орталық стадионда еркін күрестен «Батырлар айқасы» атты жолдастық кездесу өтті. Бұл додада Қазақстан мен Қырғызстанның таңдаулы балуандары белдесіп, спортсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.
Жолдастық кездесудің басты мақсаты – жас буынды салауатты өмір салтына баулу, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу және өзара тәжірибе алмасу.
Жарысқа екі елден алты салмақ дәрежесі бойынша іріктелген мықты балуандар қатысты. Кештің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 5:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл отандық спортшылардың жоғары дайындық деңгейін, тәжірибесін және шеберлігін айқын көрсетті. 79 келі салмақта өнер көрсеткен Дәулет Ергеш өзінен техникасы қалыспайтын Бекзат Жамбуловты басымдықпен ұтып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Ал 86 келіде бозкілемге шыққан Нұрдәулет Қуанышбай қырғыз балуаны Стамбул Жаныбекуулына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, қарсыласынан басым түсті. Бұл белдесуде Нұрдәулеттің физикалық дайындық деңгейі мен жылдамдығы ерекше көзге түсті. 70 келі салмақта өткен ең тартысты кездесулердің бірінде Мейіржан Әшіров тәжірибелі қарсыласы Адилет Жапаркуловпен күресті. Белдесу барысында қарсыласының бірнеше әдісін сәтті тойтарып, соңғы кезеңде шабуылға көшкен жерлесіміз жеңісті жұлып алды.
Сонымен қатар, Мерей Базарбаев – Карачов Абдумаликті, Дастанбек Өсімжан – Сманбеков Алмасты сенімді түрде ұтып, командалық есептегі артықшылықты бекіте түсті. Тек Қуанышбай Ердос қырғызстандық Омурбек Таалайбекуулынан ұтылып, есе жіберді.
Кештің шарықтау шегі балуандардың намыс пен шеберлікке толы белдесулері ғана емес, қос ел арасындағы достық пен спорттық ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор шара ретінде есте қалды. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар спорт сайысын ерекше ықыласпен қабылдап, жеңімпаздарды қошеметпен шығарып салды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ