Денсаулық

«Мектеп медицинасының» маңызы зор

Жаз – баланың денсаулығына көңіл бөліп, профилактикалық тексерулерден өтуге таптырмас кезең. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кішкентай пациенттер үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қандай медициналық қызметтер бар екенін еске салады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 78-бабында баланың құқықтары жеке көрсетілген. Онда балалардың денсаулықты сақтау жөніндегі білім алуына, өз денсаулығы туралы ақпаратты (анықтамалар) өздеріне түсінікті форматта тегін алуына құқығы бар екені жазылған.

Медицинада мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарына баратын балаларды медициналық қызметпен қамтамасыз етуге арналған «Мектеп медицинасы» деп аталатын арнайы бағыт бар.

Мектеп медицинасы балалардың денсаулығын жүйелі бақылауға және қажет болған жағдайда, білім беру ұйымының ішінде жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда балалар ата-анасының келісімімен Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцина алады. Бұл қызметтер тегін медициналық көмек көлемі тізбесіне кіреді.

Сондай-ақ мектеп қабырғасында жыл сайын МӘМС шеңберінде профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Егер тексеру барысында қандай да бір патологиялар анықталса, баланы тіркелген емханасына тереңдетілген тексеруге жібереді.

Мектептегі немесе балабақшадағы тексеруге немесе вакцина жүргізу үшін тиісті бейіндегі медицина қызметкерлері келеді. Бұл іс-шаралар алдын ала жоспарланып, ата-аналарға хабарланады.

Сонымен қатар, мектеп немесе балабақша медпунктінде балаларға жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек мұнда салауатты өмір салтын ұстануға баулу аясында шаралар жүргізіледі.

Жаз мезгілінде қандай медициналық қызметтерді алуға болатынын көпшіліктің білгісі келетіні анық. Егер бала қандай да бір себеппен білім беру ұйымында профилактикалық тексеруден өтпесе, оны жаз айларында тіркелген емханасында өте алады.

Сонымен бірге өз учаскесі бойынша мектепте немесе балабақшада вакцинациядан немесе ревакцинациядан өте алмаған балаларға екпе салдыруға болады.

ТМККК аясында балаларға вакцинадан бөлек, шұғыл медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитариялық көмек, сондай-ақ созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу мен бақылау қолжетімді.

Бұдан бөлек, демалыс кезінде оқушылар қандай да бір денсаулыққа қатысты шағымдар болса, офтальмолог, лор, хирург, тіс дәрігері сынды бейінді мамандардан кеңес ала алады. Қажет болған жағдайда зертханалық анализ, УДЗ (ультра дыбыстық зерттеу), ЭКГ (электрокардиограмма), рентген, КТ (компьютерлік томография), МРТ (магниттік-резонанстық томография) сияқты диагностикалық зерттеулерден өтеді. Ем амбулаториялық деңгейде де күндізгі немесе тәулік бойғы стационарда да жүргізілуі мүмкін. Мұның барлығы МӘМС жүйесі аясында тегін ұсынылады.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық

емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы