Денсаулық

Сапалы қызмет – саулық кепілі

Дені сау адам – қоғамның байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалуда. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылды.

Облысымызда халықтың денсаулығын сақтау мен сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірде 15 237 медицина қызметкері 1 171 065 тұрғынға қызмет көрсетуде. Барлығы 392 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Халыққа қолжетімді, сапалы медициналық көмек көрсету, әсіресе ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға дер кезінде диагностика мен ем-дом шараларын ұйымдастыру – басты басымдықтарымыздың бірі.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 28 нысанның құрылысы жүргізілді. Өткен жылы 20 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар бой көтерді. Қордай ауданында Үлкен Сұлутөр дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы мен Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасының, Меркі көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Қордай ауданындағы Масаншы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша құрылыс, сондай-ақ Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылындағы медициналық пункт құрылысы да сәтті аяқталды.

Сонымен бірге, 1,4 миллиард теңгеге 6 нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Орта мерзімді кезеңде Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысы, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарындағы ауданаралық көпбейінді ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарланып отыр.

Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана салу көзделген. Қазірдің өзінде Асқаров көшесінің соңынан 12 гектар жер телімі бөлінді. Сондай-ақ жедел-медициналық жәрдем стансасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында 2024 жылы бюджет қаражаты есебінен 5 миллиард теңгеге 18 жоғары технологиялы медициналық техника және 38 санитарлық автокөлік сатып алынды. Бұл шаралар ауылдық жерлерде диагностика мен медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 42,7 пайыздан 41,8 пайызға дейін төмендеп, жабдықпен қамту деңгейі 96,7 пайызға жетті (2023 жылы – 91,9 пайыз). Ал 2025 жылға қарай бұл бағытта 6 миллиард теңгеге медициналық техника сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жүйесіне 3,6 миллиард теңге қарастырылған.

Ауыл халқы үшін 10 жылжымалы медициналық кешен 289 елді мекенді қамтып, 132 383 тұрғынды медициналық тексеруден өткізді. Оның 25 435-і балалар. Нәтижесінде 44 248 диагностикалық зерттеу, 9 257 зертханалық талдау және 159 408 бейінді мамандар кеңесі көрсетілді. Жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау мақсатында 88 066 азамат тексеріліп, олардың 7 404-інен (8,2 пайыз) дерт анықталып, диспансерлік есепке алынды.

Мемлекет тарапынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісі де ерекше назарда. 2024 жылдың қорытындысымен «СҚ-Фармация» дистрибьюторы арқылы 10,8 миллиард теңгеге 467 атаулы, 53,4 миллион дана дәрілік зат пен медициналық бұйым жеткізілді. Бұл сомаға барлығы 805 632 рецепт бойынша науқастар толық қамтылды. Игерілуі – 100 пайыз. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 1,057 миллиард теңгеге орфандық ауруы бар 76 науқас (32 бала) дәрі-дәрмекпен қамтылса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы тағы 9 науқасқа (8 бала) 316,5 миллион теңгеге көмек көрсетілді.

Денсаулық сақтау ұйымдарының көлікпен және компьютерлік техникамен жабдықталуы да тұрақты назарда. Жергілікті бюджет есебінен 1,1 миллиард теңгеге 33 санитарлық автокөлік, 3 микроавтобус және 1 000 моноблок сатып алынды. Қазіргі таңда тағы 40 санитарлық автокөлік пайдалануға берілді.

Бүгінде өңірде медицина кадрларын даярлау жүйелі жүргізілуде. Облыс әкімінің грантымен 51 студент жалпы медицина мамандығы бойынша білім алуда. Резидентурада 84 дәрігер оқып жатыр. Жергілікті бюджет есебінен 62 дәрігер оқу бітіргеннен кейін 5 жылдық міндеттемемен облысқа қызметке орналастырылды. Республикалық тапсырыспен тағы 182 резидент оқуда. 2024 жылы 3 893 медицина қызметкері біліктілігін арттырды, 21 дәрігер шет мемлекеттерде тәжірибе жинақтады. Жыл басынан бері өңірге 90 жас маман келіп, оның 66-сы аудандық деңгейде қызмет етуде.

Облыс дәрігерлері жоғары технологиялы оталарды сәтті жүзеге асыруда. Облыстық көпбейінді аурухана мен онкология және хирургия орталығының мамандары ми тамырларына эндоваскулярлық араласу, ішке тіліксіз хирургиялық эндоскопия, қатерлі ісіктерді аз инвазивті әдіспен емдеу, бір мезетте бірнеше хирургиялық араласулар (симультанттық) секілді күрделі операцияларды сәтті жады. Сонымен қатар, өңірде алғаш рет жаңа иммунотерапиялық және таргеттік емдеу әдістері енгізілді. Жаңа іске қосылған экспресс-гистологиялық зерттеу арқылы онкологиялық диагноз қою мерзімі әлдеқайда қысқарды.

Облыстың медицина қауымдастығы халық денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізуде. Салада орын алып отырған күрделі міндеттерге қарамастан, медицина қызметкерлері жоғары жауапкершілікпен еңбек етіп, денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосуда. Ақ халатты абзал жандар күнделікті қиындықтарға мойымай, өз ісіне деген адалдығын, кәсіби шеберлігін және адамгершілік қасиетін айқын көрсетуде.

 

Болашақта да өңір медицинасының әлеуетін арттыру, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жолда бірлікпен жасалған еңбек пен ортақ мақсатқа деген ұмтылыс табысты нәтижелерге жетелейді.

 

Сержан НАЗАРБЕК,

облыс әкімдігі денсаулық

сақтау басқармасының басшысы