Әлеуметтік осал топтарға қолдау күшейтілмек
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде көпбалалы, аз қамтылған отбасы, ерекше қажеттілігі бар азаматтар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту мәселелері қаралды. Жиынға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова қатысты.
Кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімовтың айтуынша, 2022 жылдан бері кеңестің 14 отырысы өтіп, күн тәртібінде 27 мәселе қаралған. Ол бойынша тиісті атқарушы органдарға 120 ұсыныс берілген.
Бүгінде пәтер алу кезегінде 22 902 азамат тіркелген. Оның 2 055-і кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Әлімжанқызының сөзіне сүйенсек, облыста 4 695 көпбалалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқы» иегері бар. Әлеуметтік жағынан қорғалатын топқа жататын азаматтар саны 9 575-ті құрайды. Оның 6 577-сі мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер. Жалпы осы санаттағы азаматтардың саны – 22 902.
Ал жалпы арендалық тұрғын үй есебінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлер саны 2024 жылы 285-ке жеткен. Оның ішінде кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 56. Мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер саны 78 болса, көпбалалы отбасылар 38-ге жеткен. Әлеуметтік жағынан қорғалатын топқа жататын азаматтар саны – 113.
Осы жылғы арендалық тұрғын үй есебінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлер санына тоқталар болсақ, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 36-ны құраған. Көпбалалы отбасылар – 36, әлеуметтік жағынан қорғалатын топқа жататын азаматтар – 106. Барлығының саны 178-ге жетіп отыр.
Кеңес отырысында Тараз қаласы тұрғындарын баспанамен қамту жайы кеңінен талқыланды. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі 1 бөлмелі пәтерге мұқтаж. Сондықтан қала әкімдігі 1 бөлмелі үйлер салуға басымдық беруді жоспарлап отыр екен.
Сонымен қатар мүгедектігі бар жандардың жүріс-тұрысын жеңілдету мақсатында пандустар мен баспалдақтарды оңтайландыру тәсілдері қарастырылды. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша хаттама жасалып, жолданған ұсыныстарға байланысты барлық сұрақтарға жауап беріліп, нәтижесін оңынан шешу мақсатында талқыланды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ