Жасанды интеллект – руханияттың жаңа тынысы
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында көшпелі брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық «Жасанды интеллект – руханияттың жаңа тынысы» тақырыбында баяндама жасады.
Жасұлан Лесбекұлының айтуынша, жыл басынан бері Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы көптеген маңызды жобалар мен игі бастамаларды сәтті жүзеге асырыпты. Жартыжылдық белесінде ұлттық болмыс пен мәдени кодты жаңғыртуға бағытталған тың жобалар қолға алынып, ғылыми-көпшілік бағыттағы мазмұнды іс-шаралар өткізілген. Атап айтқанда, орталық жанынан ашылған дәстүр және өнер бөлімі «Даналық мектебі», «Шаңырақ шуағы», «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» және тағы да басқа тақырыптарда түрлі тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар ұйымдастырған. Сонымен қатар балабақша тәрбиеленушілеріне ұлттық дүниетаным мен ертегі әлемін таныстыру мақсатында «Әжемнің ертегілері» жобасы қолға алыныпты. Жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Мөп-мөлдір көздің қарасы...» жобасы шеңберінде облыстық әдеби байқау жарияланыпты. Мекеме жетекшілігімен той мәдениетін жүйелеу әрі дамыту бағытында облыста алғаш рет «Асабалар алаңы» қоғамы құрылып, оған 21 асаба мүшелікке енген. Жалпы 6 айда орталық 30-дан аса іс-шара өткізген.
Орталық директоры тарих пен заманауи технологияны ұштастырған «Әулиеата аңыздары» кітабы жарық көріп, жұртшылық назарына ұсынылғанын жеткізді. Кітап алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған геокарта мен визуалды құралдармен толықтырылған. Мұнымен қоса мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұмыт болып бара жатқан шарж жанрын жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртылыпты. Сондай-ақ өмірден озған мәдениет майталмандарының бейнелері жаңа форматта ұсынылған.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ