Қазақстанда 3000-нан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында 3000-нан астам ауылды интернетке қосуға бағытталған инвестициялық келісім жасалды, деп хабарлайды arainfo.kz
Құны 239 млрд теңгеден асатын бұл жоба тек бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады. Қол қойылған мәміле аясында талшықты-оптикалық байланыс желісі бір жыл бұрын – 2026 жылдың соңына дейін тартылып бітеді. Ал шалғай ауылдар үшін жерсеріктік байланыс арналарын енгізу 2027 жылдың соңына дейін аяқталады.
Жобаның нәтижесінде елдегі ауылдық елді мекендердің 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Алғашқы кезеңде интернетке қосылу мүмкіндігіне:
- мектептер;
- ауруханалар;
- әкімдіктер мен басқа да бюджеттік ұйымдар;
- қоғамдық қолжетімділік нүктелері;
- мемлекеттік шекарадағы 40-тан астам өткізу бекеті ие болады.
Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Өз елді мекеніңіздің интернетке қосылу техникалық мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексеруге болады.