Starlink интернеті Қазақстанда ресми түрде іске қосылады
Спутниктік интернетті іске қосу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы (SpaceX-тің еншілес құрылымы) спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды. Құжат компанияның еліміздің ақпараттық қауіпсіздік және байланыс саласындағы заңнамасын толық сақтай отырып жұмыс істеуін көздейді.
Құжат Қазақстан халқы үшін Starlink спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды іске қосуды көздейді – сатылымдар 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді.
Жоғары жылдамдықты интернетке Starlink арқылы қосылу ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандарына сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе талшықты-оптикалық желілерді экономикалық немесе техникалық тұрғыдан тартуға қиындық тудыратын өңірлерде өзекті болып отыр.
Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар: енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады.
Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғылары арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаны іске асырудың барлық кезеңдері ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.
Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаттарына сәйкес қолға алынуда.