Жастар

Озық ойлы оқушылардың олжасы

Бүгінде дарынды оқушылар ғылыми жобалары арқылы еліміздің дамуына үлкен үлес қосуда. Тараз қаласындағы №66 орта мектептің оқушылары Әмір Болат пен Ерсұлтан Тұрарбектің жобалары – осының жарқын дәлелі. Бірі – ұлттық мұра мен цифрлық технологияны үйлестіріп, тарихи ескерткіштерді виртуалды кеңістікке көшірсе, екіншісі – малшаруашылығына арналған ақылды құрылғы жасап шықты.

4-сынып оқушысы Әмір Болат «Тараз қаласындағы мәдени ескерткіштерді цифрландыру: панорамалық сурет арқылы тур жасау» атты ғылыми жобасында тарих пен заманауи цифрлық әдістерді ұштастыра білді. Бұл жобада ол Тараз қаласындағы үш бірегей ескерткішті – Айша бибі, Қарахан және Тектұрмас кесенелерін таңдаған. Жас зерттеуші тарихи деректер мен халық аңыздарын жинақтап, оларды панорамалық 360 градустық форматта виртуалды тур ретінде ұсынды.

Жобаның ғылыми жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Динара Қарымсақова оқушысының еңбекқорлығына ризашылығын білдірді.

Болаттың бұл жобасы – тек ғылыми жұмыс қана емес, мәдени мұраны көпшілікке қолжетімді етудің үлгісі. Бұл – өткен мен бүгінді байланыстырып, болашаққа жол ашатын көпір іспетті.

Ал 8 «Е» сынып оқушысы Ерсұлтан Тұрарбектің «NomadTrack» атты жобасы биылғы «INFOMATRIX-ASIA 2025» халықаралық ғылыми жобалар байқауында алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстандық оқушының ауылшаруашылығы саласына арнап жасаған инновациялық құрылғысы әлемдік деңгейде мойындалды деген сөз.

«NomadTrack» – GPS, температура мен жүрек соғысын өлшейтін датчиктері бар, малдың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылайтын ақылды мойынтұмар. Құрылғының көмегімен малдың жоғалу көрсеткіші 23 пайыздан 5 пайызға дейін төмендейді. Ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі артады, ал фермердің шығындары шамамен 30 пайызға дейін азаяды.

Қазір жобаны ауыл шаруашылығы кооперативтерімен бірлесіп сынақтан өткізу, мемлекеттік қолдауға ие болу және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жетілдіру жұмыстары қолға алынуда.

Қос жоба – екі түрлі бағытта, бірақ бір мақсатта – елге пайдалы, заманауи әрі ұлттық болмысқа сай болашақ қалыптастыру. Бұл жобалар бір ұстаздың жетекшілігімен жүзеге асқанын ескерсек, Динара Қарымсақова секілді жанашыр педагогтардың еңбегі ерекше екенін түсінеміз.

Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ