Жамбыл жаңалықтары

Таразда 5G қолжетімді болады

Бүгінде әлем елдері цифрлық технологиялардың дамуына қарай бейімделіп, барлық саланы сандық кеңістікке көшіруге ұмтылуда. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, мемлекеттік басқару, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім, экология және басқа да салаларды цифрлық негізде дамытуда. Облысымызда бұл бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізуде.

2022-2023 жылдары облыста «Тараз қаласындағы қауіпсіздікті және жол қозғалысы трафигін талдаудың зияткерлік жүйесін енгізу» жобасы аясында 1 250 бейнебақылау камерасы және «Сергек» кешенінің 48 бекеті орнатылыпты. Бұл бастама қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, жол апаттарының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау секілді маңызды бағыттарда нақты нәтиже беруде.

Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантұровтың айтуынша, бұл жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асырылуда.

Цифрландыру саласының келесі маңызды бағыты – денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектті енгізу. 2025 жылдан бастап облыстың 22 медициналық мекемесі бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктіріліп, флюорография, рентген, МРТ (магниттік-резонанстық томография) және КТ (компьютерлік томография) секілді медициналық бейнелерді өңдеуде жасанды интеллект технологиясы қолданыла бастапты.

Платформада әр ағаштың түрі, күтімі, орналасқан жері, тіпті кесу, суару уақыты да көрсетілген.

Ал e-Jambyl.kz геопорталы – өңірдің цифрлық айнасы іспетті. Ашық картада 124 қабат, жабық картада 700-ден астам қабат орналастырылған. Бұл жүйе түрлі саладағы шешім қабылдау процестерін жеңілдетеді.

Мұндағы маңызды қызметтердің бірі – «Әулиеата жастары» бағдарламасына онлайн өтінім беру. 3 жылда 1 778 өтінім қабылданып, 260-тан астам жас отбасы баспаналы болды.

Сондай-ақ сайлау учаскесін анықтау, табиғи монополия қызметтеріне өтінім беру, «Smart Mine» жобасы арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың онлайн есебі сияқты қызметтер сәтті іске қосылған. Бұл жобалар бюджетті және уақытты үнемдеуге, адам факторын азайтуға көмектеседі.

Халықпен кері байланыс орнату – цифрлық басқарудың басты тетігі. Осы мақсатта жұмыс істеп тұрған «109» қызметі биылғы жылдың басынан бері 25 338 өтініш қабылдаған. Оның ішінде 14 274-і оқиғаға қатысты болса, 404-і – арыз, 52-сі – ұсыныс, 42-сі алғыс ретінде тіркелген. Қалғаны кеңес беру сипатында. Ең көп өтініш сall орталық арқылы түссе, қалғаны «WhatsApp», «Instagram», «Telegram», «Facebook» және «Aikey» арқылы қабылданған.

Цифрландыру – жай ғана технологиялық үдеріс емес, ол – мемлекеттік басқарудағы ашықтық, халықпен кері байланыс, өмір сүру сапасының жаңа деңгейі. Жамбыл облысы бұл бағытта қарқынды дамып келеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА