Ертегі – таптырмас тәрбие құралы
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бастамасымен «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы жүзеге асырылуда. Атауының өзі-ақ мазмұнын айқындайтын жарқын жоба жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ана тілімізге деген құрметті арттыруға, сондай-ақ халық ауыз әдебиетінің терең қыр-сырын танытуға бағытталған.
Жоба аясында бүлдіршіндер халқымыздың көне ертегілері мен аңыз-әңгімелерін тыңдап, олардың мазмұнын зерделей отырып, тәлім-тәрбиеге толы ойларды бойларына сіңіреді. Сонымен қатар, балалар мейірімділікке, адалдық пен әдептілікке баулынып, ұлттың рухани мұрасын қастерлеуге тәрбиеленуде.
– «Әжемнің ертегісіне саяхат» – мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған тәрбиелік, танымдық және әдеби құндылығы жоғары ертегілерді насихаттауға бағытталған мәдени білім беру жобасы. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде балаларға арналған тәрбиелік мәні бар, әдеби тілде жазылған, қызықты ертегілер жинақталған. Сондай-ақ, облыстық «Аналар алқасы» кеңесінің төрайымы Қадиша Оспанова бастаған әжелермен бірігіп «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Ертегілерді иллюстрациялық кітапша және интерактивті іс-шаралар түрінде ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Қолға алған жобамыздың басты мақсаты – халық ауыз әдебиетін, қазақтың дәстүрі мен салт-санасын әже тәрбиесі арқылы балаларға жеткізу, оларды көркем әдебиетке баулу, қиялды оймен ұштастыру және ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы Гүлгаухар Құрманәліқызы.
Жоба бірнеше айрықша қырымен ерекшеленеді. Ең алдымен ертегілер балаларға әжелердің ауызша баяндауы арқылы ұсынылса, бұл өз кезегінде халқымыздың ауыз әдебиеті дәстүрін жандандыруға ықпал етеді. Балабақша тәрбиешілері де бүлдіршіндермен бірге ертегілер желісі бойынша театрландырылған қойылымдар қойып, шығармашылық сурет салу жұмыстарын ұйымдастырып, түрлі ойындар өткізеді. Ертегі жинақтары көркем иллюстрациялармен, ұлттық нақыштағы элементтермен безендіріліп, балалардың қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, жоба аясында бүлдіршіндер арасында «Әжем ертегі айтып берді», «Ертегіден көрініс» сынды мазмұнды байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Осылайша жоба балабақшадағы оқу-тәрбие процесіне ұлттық болмыс пен рухани мазмұн дарытып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосуда.
Айта кету керек, «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы барлық аудандарда жүзеге асырылып, көптеген балабақшада ертегі оқу дәстүрі кеңінен қолдау тапқан.
Алдағы уақытта бұл бастама жаңаша бағытта мазмұны жағынан жетілдіріліп, заманауи тәсілдермен үйлестіріле отырып, балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беруді одан әрі жалғастыруды көздеп отыр.
Сымбат ҚУАНЫШ