Тапқан да, баққан да ана
Сарысу ауданынан қатынайтын қоғамдық көлікпен күнара Тараздың арасын жол қылған танысыма жұрт таңдана қарайды. «Сонша қаражатты шығындап екі қаланың ортасында жүреді де қояды. Осы не бітіреді?» деген қаңқу сөздер жиі естіліп қалады. Бірде сұрақты төтесінен қойып, Тараз қаласының тұрғыны бола тұра Жаңатасқа неге жиі баратынын сұрадым. Ол ойлы көздерін төмен салып, анасын уайымдайтынын айтты. Сол сәт оның екі анасы, екі отбасы бар екенін ұқтық.
– Менің екі анам бар. Мұны бірі біліп, бірі білмес. Баққан анам қазақ болса, екіншісі орыс – туған анам. Екеуін бөліп-жармай, қатты жақсы көремін. Мені тапқан анамның басына қиын күн туғанда қайғыдан қан жұтып, ащы суға салынып кеткен екен. Сол уақытта мен далада қалыппын. Базар жағалап, ән айтып, қайыр тілеп жүрген 5 жасар баланы Бағила анам құшағына басады. Тамылжыта ән салып, қол жайып жүрген балақайға жұрт жаны ашып қарайтын. Шатуновтың барлық әндерін жатқа білгеніме қарап, жұрт мені «Шатунов» деп атап кеткен еді. Мені асырап алған қазақ отбасы көзі аспан түстес, қылығы тәтті Юрийді сөйтіп әп-сәтте Базархан атап, қазақ мектебіне береді. Сөйтіп, Шатуновтан Беспаевқа айналып шыға келдім. Оған себеп – 5-6 айдың ішінде қазақша ән айтып, поэзия оқуым. Одан қалса сүйікті әншім Мейрамбек Беспаев болғандықтан, Мейрамбектің әндерін жатқа айттым. Қазақ отбасындағы әке-шешем үшін көккөз орыстың баласынан артық бала болмады білем, бар жылы жұмсағын аузыма тосты. Әке-шешемнің отасқанына 7-8 жылдың жүзі бола тұра, бала сүймеген екен. Емделуге ұмтылып, қаралмаған дәрігерлері қалмаған ерлі-зайыптының мейірімі маған түсті. Бірақ қанша жерден аялы алақанымен маңдайымнан сипап, жақсы ата-ана болуға тырысса да, менің жүрегімдегі мұң мен қорқыныш бір сәт те сейілмеді. Себебі көршінің балалары мені көрген жерден «Сен қазақ емессің. Сен өз шешеңе кетпейсің бе? Өскенде бұл үйдің баласы болмайсың, қуып шығады» деп айта беретін. Асырап-бағып отырған ата-анамды қанша жақсы көрсем де: «Сені бір күні қуып жібереді, шешеңді таппайсың ба?» деген сөз көкейімде жатталып қалды. Сөйтіп әр сөз әсер етіп, бала да болсам ой тұңғиығына батып өстім. Мені қолдарына алған соң бір жылға жетер-жетпес уақытта әке-шешем егіз ұлды болды. «Тілеуің жақсы екен» деп қара басымды көкке көтерді. Алайда мен көршінің балалары айтпақшы: «Қай күні қуып шығады екен?» деген үрейден бәрібір арыла алмадым. Бірде анамнан «Бозторғай деген не?» деп сұрадым. Оның құс екенін білген соң әр таңда ерте оянып, терезенің жақтауына сүйеніп отыруды әдетке айналдырдым. Кішкентай алақандарыма сыйғанша нан қоқымын толтырып, өз жүрегімнің бозторғайын күтіп, көзімді тарс жұмып алып Беспаевтың «Бозторғай» әнін шырқайтынмын. Әдейі жыламасам да әннің сөзін түсінгендіктен болар, көзімнен аққан жас тарам-тарам болып, үлкендердің сай-сүйегін сырқырататын.
«Бозторғай, бозторғай!
Айналайын жыл құсым,
Аман-есен жүрмісің.
Ала таңнан шырылдап,
Қуантқалы тұрмысың.
Қанатыңды кердің бе,
Қияндардан келдің бе?
Жетімекпін мен неге,
Анамды сен көрдің бе?» деймін егіліп.
Менің қиналғанымды көрген әке-шешем анамды іздеуге шын кірісті. Тапты. Бізді таныстырған сәт әлі есімде. Орыс шешем мені іздеп, таппай жүрген кезі екен. «Мальчик мой» деп тұра ұмытлғанда кері қашып «Орысқа бармаймын» деп байбалам салып, баққан әке-шешемнің бауырына тығылдым. Олар менің бойымды анама біртіндеп үйретіп, соның құшағына берді.
Бастапқыда мені туған кісіге бой үйретуім қиынға соқты. Шешем мені өзіне үйрету үшін апталап, айлап үйде жатты. Кейін бойым үйрене бастады. Мамам да мауқын басып, енді алып кетейін деп жатқанда мен қашып кетіп, туған шешемнен безіп, «асыраған әке-шешеммен қаламын» деп байбалам салдым. Баққан ата-анам бұл қылығымды көріп, тіпті жүректері елжірей мені алып қалудың бар амалын жасады. Үй-жайы жоқ туған шешеме Тараздан баспана алып берді. Сөйтіп екі ортада қыдырып жүруді сол бала кезімнен әдетке айналдырған жайым бар, – дейді Базархан.
Мұсылманша әріп танып, сүндет тойына дейін жасалған Базарханға туған анасын қабылдау қиынға соғатынындай-ақ бар. Өйткені оның өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, болмысы қазақ ұлтына тән еді. Орыс ата-әжесі мен ата-анасына барған сайын Жаңатасқа жылап келеді екен. Бара сала олардың орыс екенін, тілі де, діні де басқа екенін айтып, жатырқайтын. Осы сәтте әжім торлаған жүзін төмен салып, әңгімемізді ұйып тыңдап отырған анасы сөзге араласты.
Расында екі ананың ортасында еркелеп өскен жігіттің көтерер жүгі де жеңіл емес екен. Кенет телефоны безек қақты. «Аман-есен жеттің бе, құлыным? Мамаңа берген базарлығымды бердің бе? Жөтелің қойды ма? Дәріңді іштің бе?» деп бәйек болып баққан анасы уайымдап жатты.
Жүрегі кең қазақ әйелімен телефон арқылы болса да тілдесуге мүмкіндік сұрадым. 30 жыл көлемінде педагог қызметін атқарған ана қарсылық білдірмеді.
Базар жағалап өскен Базарбайды бауырына басып, суық күнде тоңдырмай өсірген аяулы жанға да, мына жарық дүниеге әкелген орыс шешесіне де қуаныш сыйлап жүрген ортақ ұлдың бүгінде 6 бауыры бар екен. Оның төртеуі қазақ болса, екеуі орыс ұлтынан.
Базархан үшін тапқан да ана, баққан да ана. Ол ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейді. Қандай қуанышты сәт, салтанат болса да екі отбасының ортасында атап өтуді әдетке айналдырған. Екі анасы да баласының ақылы мен ой-парасатына құрметпен қарағандықтан баласы қандай шешім қабылдаса да мақұл көреді.
Перзентінің мақсат-мұратын басты назарға алған екі ана да бұл күнде ортақ шешімге келген. Ол шешім – ортақ ұлдарын бақытқа бөлеу. Себебі олар бала бақыты – ана бақыты екенін ұғып қойған.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ