Әлеумет

Жаңатаста жағымды іс көп

Елімізде моноқалаларды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамыту жөнінде сәт сайын Үкіметке тапсырма берумен келеді. Мысалы, Мемлекет басшысы осыдан үш-төрт жыл бұрын моноқалаларды дамыту жөнінде өткен республикалық кеңесте еліміздің дамуындағы моноқалалардың рөлі өте зор екенін, моноқалалардың 30 пайызы экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отырғанын айтқан еді.

МОНОҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫ МАҢЫЗДЫ

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да: «Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет.

Жалпы аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек. Биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылғанын білесіздер. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс», деген болатын.

Моноқалаларды дамыту бойынша облысымызда да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мысалы 50 жылдан астам тарихы бар Жаңатас қаласы да күн өткен сайын қарқынды дамып келеді. Аумағы 3 мың гектарды құрайтын қаладағы елді мекен жерлерінің көлемі 2,5 мың гектар болса, халық саны бүгінде 25 782-ге жетіпті. Қала тұрғындарының 10 172-сі экономикалық тұрғыда белсенділер санатында. Оның ішінде 8 624-і жалдамалы жұмысшы болса, 1 154-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақовтың айтуынша, жалдамалы жұмысшылардың ішінде «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 507, «Қазфосфат» тау-кен өндірістік кәсіпорнында – 1 521, «Жел электр стансасында» – 30, Асыл тұз» соляная компания» серіктестігінде – 55, «Жарас» серіктестігінде 31 адам тұрақты жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДА СЕРПІН БАР

Моноқала тұрғындарына тиімді бағада сапалы өнім ұсыну ісі де дұрыс жолға қойылған. Бұл тұрғыда әлеуметтік дүкендер мен азық-түлік жәрмеңкелері бағаны тұрақтандыруға айтарлықтай үлес қосуда. Негізінде облыс орталығы – Тараз қаласы ғана емес, моноқала мәртебесіне ие шағын шаһарлар үшін де азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы аса өзекті мәселе. Бүгінгідей бар мәселе нарыққа тірелген заманда базар сөрелеріндегі бағаның күн сайын құбылуы жаңатастық жұртшылықты да алаңдататыны жасырын емес. Осындай кезеңде жергілікті атқарушы органдар тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар өз жемісін беріп отырғанын айта кетуіміз керек. Қала тұрғындарын күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында екі бірдей әлеуметтік дүкен тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған көрінеді. Атап айтсақ, «Батыр-Бек» және «Шадияр» сауда нүктелерінің басты ерекшелігі, мұнда бірінші кезекте қажетті тауар түрлері нарықтағы орташа бағадан әлдеқайда төмен бағамен тұтынушыларға ұсынылуда. Мысалы, ұн, күріш, қант, күнбағыс майы секілді күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түліктің тағы да басқа түрлерін арзан бағада сатып алуға болады.

Жыл басынан бері қалада барлығы 10 рет ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Осылайша жергілікті шаруалар үшін өз өнімдерін тұтынушыға делдалсыз, тікелей ұсынатын мүмкіндік берілген. Жәрмеңкелер барысында ет, сүт, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылған.

Айта кету керек, аудан басшылығы тарапынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, делдалсыз сауданы дамыту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте тұрақтандыру қорының қолдауын тиімді пайдалануға, тауарды көтерме бағада жеткізушілермен тікелей келісімдер жасауға әрі тұтынушы мен өндіруші арасындағы байланысты нығайтуға баса мән берілген. Жалпы алғанда алдағы уақытта да моноқала тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі маңызды бағыт ретінде қала береді. Сондықтан да мұндай шаралар өз жалғасын таба береді.

Жаңатас қаласында инвестициялық жобалар да серпін алып, бүгінде құрылыс қарқыны күшейе түскен. 2025 жылға жоспарланған жобалар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екен.

– Жаңатас қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылы бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Жалпы құны 3 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 31 жоба әзірленіп, олардың арасынан 21 жобаға нақты қолдау көрсетілді. Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жобалар тұрғын үй құрылысын жүргізу және жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру секілді тағы да басқа бағыттарды қамтиды. Осы жобаларға бөлінген қаражат көлемі 226,2 миллион теңгені құрайды. Бұл – мемлекет тарапынан өңірлік дамуға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айқын көрінісі. Сонымен қатар қазіргі таңда Жаңатас қаласы бойынша жалпы құны 4 миллиард 300 миллион теңгеге тең 6 инвестициялық жоба нақтылану үстінде. Жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар толық дайындалып және мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Алдағы уақытта олар да іске қосылып, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсерін тигізетін болады.

Тарқата айтар болсақ, қаладан жастар үшін бір спорттық кешен салу Жаңатас қаласының тұрғындары үшін көптен бері күткен әлеуметтік нысанның бірі еді. Алдағы уақытта жаңатастықтар осы қажеттіліке қол жеткізбек. Осы «Жастар» спорттық-сауықтыру кешені жобасының жалпы құны 858 миллион теңгені құрады. Қаржыландыру облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Спорттық-сауықтыру кешені арқылы қалалық өрендер бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алмақ.

Сонымен қатар 80 пәтерлік екі бірдей көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу арқылы халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсат етілген еді. Атап айтқанда, №6 ықшамауданда орналасатын №17 үйдің құны 939 миллион 100 мың теңге, ал №18 үйдің құрылысына 954 миллион 300 мың теңге қарастырылған. Жалпы сомасы 1 миллиард 893 миллион 400 мың теңгені құрайтын бұл тұрғын үйлер республикалық бюджет есебінен салынбақ.

Қалада денсаулық сақтау саласына қатысты жобаларды жүзеге асыру ісі де назардан тыс қалмаған. Аудандық аурухана құрылысы, яғни алдағы уақытта бой көтеретін жаңа медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Бұл жобаға республика бюджетінен 1 миллиард 596 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп күтілуде.Осы жобалар толық жүзеге асқанда, Жаңатас қаласының сәулеті мен әлеуметтік бейнесі айтарлықтай өзгеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғарылайды деген үміттеміз. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары барысында жүздеген адам жұмыспен қамтылады.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ БІРТІНДЕП ШЕШІЛУДЕ

Сондай-ақ тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді екен. 2025 жылдың басынан бастап 136 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 70 адамнан тұратын 18 отбасына 310,4 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы төленіпті. 2024 жылдың 5 айында қаладағы 181 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 144 адамы бар 49 отбасына 547,8 мың теңге тұрғын үй жердемақысы берілген екен.

Жаңатас қаласында соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңарту мен әлеуметтік салаларды дамыту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы арқылы қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті біршама артып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Тарқата айтсақ, қала аумағындағы жалпы ұзындығы 61 шақырым 200 метрді құрайтын 76 көше бар екен. Бүгінде осы көшелердің 42-сі, яғни 61,6 пайызы толығымен асфальтталған. Ал қалған 34 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырса керек. Алайда алдымен бұл көшелерге газ құбырларын тарту жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Газдандыру мен жол жөндеу қатар жүргізілетіндіктен, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылатын көрінеді. Сонымен қатар 68 көшеге, яғни барлық көшелердің 92 пайызына көше жарықтары орнатылыпты. 2025 жылы қосымша 8 көшеге жарық беру жүйесін орнату жоспарланған екен. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, жарықпен қамтылған көшелердің үлесі 100 пайызға жетпек.

Қаладағы тұрғын үй секторларына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұрынғы саяжай аумақтарын қоспағанда барлық 101 көпқабатты тұрғын үй мен 1 676 жеке тұрғын үйге ауызсу және кәріз жүйелері толық тартылыпты. Бұл моноқалада тұрғындардың денешынықтырумен айналысуына да барынша мүмкіндік жасалып жатқанын жоғарыда сөз еткен болатынбыз. Қазіргі таңда қала аумағында 12 білім беру нысанына қарасты және 3 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істеп жатыр. 52 спорт нысаны қала тұрғындары үшін тәулік бойы қолжетімді көрінеді.

Жалпы қай елді мекен болмасын оның ажарын арттырып, абаттандыру, жасыл желек жамылдыру, тазалығын қамтамасыз ету – басты мақсат. Бұл тұрғыда Жаңатас қаласының тазалығына 7 арнайы техника, 39 ақылы қоғамдық жұмысшы жұмылдырылыпты. Жыл басынан бастап қала көлемінде 10,5 шақырым арық тазаланып, 140 тонна күл-қоқыс шығарылыпты. Демалыс орындары мен саябақтарға 2 200 түп тал мен 15 206 дана гүл көшеті отырғызылған екен. Осы орайда Жаңатас қаласында бірқатар әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Соның бірі – «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» шегінде 30 миллион теңгеге «Жаңатас ВЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен «Даңқ» монументіне субұрқақ салынған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр және биыл жыл басынан бері қала тұрғындарымен 8 кездесу өткізіліп, 700-ден аса тұрғын қатысқан екен. Тұрғындар көтерген мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатса керек. Жергілікті атқарушы органда халық үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың басты міндетінің бірі елмен тығыз араласу, халыққа мемлекеттік қолдауларды кеңінен жеткізу екені анық. Бұл тұрғыда да атқарылып жатқан жұмыстар көптің көңілінен шығуда. Себебі қандайда бір мәселе көтерілсе, әсіресе қаладағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде тиісті шаралар дер кезінде қабылдануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында моноқалаларды қолдау бағытындағы жүйелі шаралар ауданда мұнымен тоқтап қалмайды. Жаңатастың күн өткен сайын құлпырып, жаңғыра түсуі осы саясаттың нақты көрінісі екені анық. Алдағы уақытта да осындай іргелі істер жүзеге асырылып, шағын қалада үлкен мүмкіндіктерге жол ашылатынына сенімдіміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ